Депутат Үкіметке медициналық куәландыруды жекеменшік зертханаларға беруді ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Сенат депутаты Жанна Асанова мас күйде болғандарды жеке зертханаларда медициналық куәландыруға рұқсат беруді ұсынды. 

Депутат Үкіметке медициналық куәландыруды жекеменшік зертханаларға беруді ұсынды
Фото: Kazinform

Үкімет басшысының атына сауал жолданған оның айтуынша, жүргізушілерді медициналық куәландыру тек мемлекеттік медициналық ұйымдардың зертханаларында жүргізіледі. Алайда, бүгінде аталған жүйенің мүмкіндігі шектеулі.

– Мәселен, 2 млн-нан астам халқы бар Алматы қаласында не бәрі 2 мемлекеттік зертхана жұмыс істейді. Оларға мас күйде болу күдігіне іліккен тұлғалардың бәрі жеткізіледі. Орын алған модель тым орталықтандырылған және жүйелі процестік әрі жемқорлық тәуекелдерді тудырады, - деді ол бүгін Сенат отырысында.

Сенатордың пайымынша, баламаның болмауы сарапшылардың қорытындысына сенімді төмендетіп, қызметті теріс пайдалануға жол ашады. Зертханалардың шалғай орналасуы мен жүктемесінің көптігі адамның сағаттап процессуалдық жағдайдың шырмауында болуына, ал полиция қызметкерлерінің уақыты мен ресурсын босқа шығындауға алып келеді. Құқық қорғау жүйесінің тиімділігі зардап шегеді.

– Азаматтың мекемені таңдау немесе тәуелсіз қайта тексеруден өту мүмкіндігі болмайды. ал бұл олардың қорғану құқығын шектейді. Жекелеген зертханалардың жоғары жүктемесі мен жеткілікті жарақтанбауы сынаманы алу, сақтау және сараптау әдістемесінің бұзылу, сонымен қатар материалдарды рәсімдеу барысында процессуалдық қателіктер тәуекелін тудырады. Бұл олардың соттағы тұрақтылығына әсер етеді, - деді депутат.

Оның айтуынша, елімізде заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған және білікті мамандары бар жекеменшік зертаханалар желісі жақсы дамыған. Осыған орай Жанна Асанова Үкімет басшысына мындай ұсыныстар берді:

– аккредиттелген жекеменшік зертханаларды пайдалану арқылы медициналық куәландыру моделін енгізу, оларды мемлекеттік зертханалармен бірге бірыңғай тізілімге қосу;

– олардың қорытындысын аккредиттеу және процессуалдық тануға жіберу тетігін бекіту, сонымен қатар азаматтарға қайтадан тексеруден өту үшін зертханамен өздігінен таңдау мүмкіндігін беру;

– бұл моделдің іске асу моделін, оның ішінде мемлекеттік бюджетке жүктеме түсірмей қаржыландыру мәселен айқындау.

Бұған дейін ШҚО-да жыл басталғалы 13 мас жүргізуші ұсталғанын жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар