Депутат Жамбыл диқандарының несие мен лизинг төлемдерін бір жылға өсімпұлсыз шегеруді ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов Жамбыл облысы диқандарының несие мен лизинг төлемдерін бір жылға өсімпұлсыз шегеруді ұсынды.

— Соңғы үш жылда Жамбыл облысы мен оған іргелес өңірлердің шаруалары бұрын-соңды болмаған ауыр сынаққа тап болып отырғандарын жеткізді. 2023 жылы қуаңшылық жарияланып, төтенше жағдай енгізілгенімен, өтемақы тек суармалы жерлері бар шаруашылықтарға ғана берілді. Ал суарылмайтын жермен айналысатын фермерлер ешқандай көмек ала алмады.
2024 жылы өнім мол жиналғанымен, Ресейден арзан астықтың ағылып келуі салдарынан баға күрт құлдырады. Отандық диқандар өз өнімін өткізе алмады. Шығын жабылмады, табыс түспеді. Бұған қоса, субсидия төлемдері кешіктіріліп, шаруалардың жағдайы одан әрі ауырлады.
2025 жылы қайтадан қуаңшылық қайталанды. Түркістан облысында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланғанымен, Жамбыл облысында мұндай қадам жасалмады. Соның салдарынан субсидия да, инвестициялық қолдау да берілмеді. Мыңдаған шаруашылық қазір банкрот болудың алдында тұр, — деді ол Премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдай отырып.
Оның сөзінше, Аграрлық несие корпорациясы төлемді кейінге шегеру туралы өтініштерді елемей отыр.
— Бұл — әділетсіз жағдай деп есептейміз! «ҚазАгроҚаржы» дерегіне сүйенсек, биыл шілде айының өзінде Жамбыл облысында 62 жобаның проблемалық болып тіркелген. Қазір күзде бұл көрсеткіш екі есеге артуы мүмкін. Демек, жүздеген шаруашылықтың техникасы тәркіленіп, жаппай банкроттыққа жол беріледі, — дейді депутат.
Мәжіліс депутаты осындай олқылыққа жол бермеу үшін өңір диқандарының несие және лизинг төлемдерін бір жылға ешқандай өсімпұлсыз шегеру керектігін айтады.
— Екіншіден, 2024–2025 жылдарға арналған субсидиялар мен инвестициялық субсидиялар бойынша берешектерді толық өтеуді қамтамасыз етіп, төлем кестесін нақты бекіту керек.
Үшіншіден, субсидиялау жүйесін қайта қарап, түсініксіз, қайшылықты нормаларды жойып, тек нақты бағытталған, әділ қолдау механизмін енгізу қажет.
Төртіншіден, қарызын уақытылы өтей алмағаны үшін шаруаларды субсидиядан айыру тәжірибесін тоқтатып, қайта субсидия алу мүмкіндігін беру керек. Өйткені егін шықпаған жағдайда фермерді жазалау — әділетке жатпайды.
Бесіншіден, «ҚазАгроҚаржы» мен Аграрлық несие корпорациясын тарта отырып, фермерлердің жаппай банкрот болуына жол бермейтін дағдарысқа қарсы шаралар пакеті әзірленуі тиіс.
Алтыншыдан, еліміздің оңтүстік өңірлеріне арналған жеке мемлекеттік бағдарлама қажет. Өйткені бұл өңірдің климаты, топырағы, егіс ерекшелігі басқа аймақтардан айтарлықтай өзгеше. Субсидия мен сақтандыру жүйесі осыған сай құрылуы шарт.
Жетіншіден, күзгі дала жұмыстарына, тұқым мен жанар-жағармайға арналған өңірлік тұрақтандыру қоры жасақталуы керек, — деді Ерболат Саурықов.
Бұған дейін жамбылдық қызылша өсірушілерге 3 млрд теңге қарыз қайтарылатынын жазған едік.