Депутат жатақхана орындарын бөлетін ұлттық цифрлық платформаны құруды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Нұргүл Тау студенттер жатақханасы мәселесін көтерді.
- Студенттердің қауіпсіз әрі сапалы ортада білім алуы – мемлекеттің стратегиялық міндеттерінің біріне айналып отыр. Бұл ретте, Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2025–2026 оқу жылының басында Қазақстанда 678 мың студент білім алған. Олардың 364 мыңы – аймақтардан келген студенттер. 115 мың студент ресми түрде жатақханаға мұқтаж, ал олардың тек 95 мыңы ғана нақты түрде жатақханалармен қамтамасыз етілген. Бұл ресми деректер бойынша кемінде 20 мың студенттің баспанаға мұқтаждығын білдіреді. Демек, студенттердің жатақханалармен ресми қамтамасыз етілу деңгейі – шамамен 80% пайыз. Бұл көрсеткіш жаман емес. Алайда, Жоғары аудиторлық палатаның есебіне сәйкес, «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының деректері бойынша жатақханалардағы орын тапшылығы 33 мың орынға жетеді, - деді Нұргүл Тау Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында.
Айта кету керек, кейінгі жылдары бұл бағытта біршама жұмыстар да атқарылды, жаңа жатақханалар салынды, орын тапшылығы қысқарды. Ғылым және жоғары білім министрлігі де, жоғары оқу орындары да жағдайды жақсартуға мүдделі.
- Алайда мәселені түбегейлі шешу үшін Үкімет деңгейінде оңтайлы үйлестіру, тұрақты бақылау және бірнеше мемлекеттік органның күшін біріктіретін жүйелі тәсіл қажет деп санаймыз. Осыған байланысты Үкімет деңгейінде келесі шараларды қарастыруды ұсынамыз. Біріншіден, мемлекеттік және жекеменшік жоғары оқу орындарын қамтитын студенттік тұрғын үйдің бірыңғай ұлттық цифрлық платформасын әзірлеу мәселесін пысықтау қажет. Платформада өтінім беру, электронды кезек, онлайн брондау, цифрлық келісімшарт және жатақхана орындарының нақты уақыттағы есебі көзделуі тиіс. Екіншіден, жоғары оқу орындарының қызмет тиімділігін бағалау жүйесіне студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету көрсеткіштерін енгізу мүмкіндігін қарастыру маңызды, - деді депутат.
Оның пайымынша, жатақхана салуға, реконструкциялауға және күрделі жөндеуге инвестиция салатын жоғары оқу орындары мен инвесторлар үшін ынталандыру тетіктерін, оның ішінде салық бойынша жеңілдіктерді қарастыру керек. Студенттік жатақханалар салу бағытындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерінің тиімділігіне талдау жүргізіп, инвесторлар үшін тартымды жаңа ынталандыру шараларын әзірлеу қажет.
- Әкімдіктердің қызметін бағалау көрсеткіштеріне студенттік жатақхана құрылысына арналған жер учаскелерін бөлу мәселесін енгізу және жоғары сұраныс бар өңірлер бойынша арнайы жоспар бекіту керек, - деді Нұргүл Тау.
Бұған дейін елімізде студенттерге қанша жатақхана орны жетіспейтінін жазған едік.