Депутат: ЖИ саласында басты міндет – азаматтардың құқығын қорғау
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілісте жасанды интеллект заң аясында парламенттік тыңдаулар өтіп жатыр. Іс-шара барысында қазақстандық компаниялар мен мемлекеттік органдар әзірлеген дайын цифрлық шешімдер көрмеге қойылды.

Депутат Екатерина Смышляева айтуынша, көрмеде логистика, транспорт, криминалистика, мемлекеттік қызмет көрсету және медицина саласына арналған жасанды интеллектке негізделген жобалар ұсынылған.
– Бұл жерде жоспар емес, нақты қолданысқа енген шешімдер көрсетілді. Бір бөлігі пилоттық режимде болса да, алғашқы нәтижелер бар, – деді ол.
Депутаттың айтуынша, жасанды интеллектті дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Қазақстан бұл кезеңге дайындықпен келді. Цифрландыруға жасалған жүйелі қадамдар қоғамды жаңа технологияларды қабылдауға бейімдеді деп атап өтті.
– Жаңа заң жобасы халықаралық тәжірибеге сүйеніп әзірленген. Басты міндет – қауіпсіздік пен азаматтардың құқықтарын қорғау. Жоғары тәуекел тудыратын жүйелерге ғана нақты талап қойылады, ал орта және төмен деңгейлі жүйелерге реттеу жеңілдетілген, – деп түсіндірді Смышляева.
Оның айтуынша, басты тәуекелдер дербес деректердің қорғалуы, алгоритмдердің бұрмаланбауы және пайдаланушылардың жасанды интеллект жүйесімен өзара әрекеттескенін білу құқығы. Сонымен бірге Қазақстанда есептеуіш қуаттар мен ұлттық ЖИ-платформа құруға мемлекет ерекше назар аударып отыр.
– Алдағы үш жыл шешуші кезең. Технологияларды тиімді енгізу арқылы азаматтар оның нақты пайдасын сезінуі тиіс, – деді депутат.
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Цифрлық штабтың отырысы өткен болатын. Онда Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойған міндеттерге назар аударылды.