Депутаттар азық-түлік бағасын төмендету үшін тікелей логистикалық тізбек құруды және делдалдарды жоюды ұсынады

Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде еліміздегі азық-түлік өнімдерінің бағасын реттеу мәселелерін талқылау барысында мәлім болды.
Жиын барысында талдау қорытындылары туралы баяндама жасаған депутат Уәлихан Бишімбаев баға өсімінің негізгі себептеріне тоқталды.
«Азық-түлікке баға өсімінің басты себебі - бағаны реттейтін мемлекеттік институттардың әлсіздігінен, қаржы нарығының дамымай жатқандығынан, тауар көлемімен салыстырғанда табыстың шектен тыс өсуінен туындап отыр. Бұдан бөлек, саудада қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың дамымауы, сондай-ақ өндіріс көлемінің қысқарып, импорттың ұлғаюы, өндірістегі тағам өнімдерін негізсіз ұстап тұру әрекеттері де бағаға тікелей және жанама әсер етіп жатыр», - дейді У. Бишімбаев.
Депутаттың айтуынша, бұған ұлттық есеп жүргізудің жетілмеуінен туындайтын көлеңкелі экономиканың келеңсіз зардабын да қосуға болады.
«Кейбір сарапшылардың мәліметінше, Қазақстандағы жалпы ішкі өнімнің 30-40 пайызы көлеңкелі болып отыр», - дейді депутат.
Бұл ретте депутаттар нарық бағасын төмендету үшін тікелей логистикалық тізбек құрудың қажеттігін, сонымен қатар қазіргі бар делдалдарды жоюды ұсынады. Ал отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін импорттық өнімдерге қорғау бағаларын белгілеудің қажеттігін де алға тартады.