«Депутаттар демалыстан бас тартты» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 18 маусым, бейсенбi күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
Бесінші сайланған ел Парламенті өз тарихында алғаш рет жазғы каникулды кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады, деп жазады «Айқын» газетi.
Мәжіліс пен Сенаттан «5 халықтық реформа» мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын тиісті заңнамалық қамтамасыз ету талап етіледі. Алда конституциялық заң жобалары да келіп түспек.
«Парламенттің қос палатасының кешегі бірлескен отырысының күн тәртібіне «Бесінші сайланған Парламенттің төртінші сессиясының жұмысын 2015 жылғы 15 шілдеге дейін ұзарту» мәселесі шығарылды. Осының алдындағы 2-ші сессия 2013 жылғы 28 маусымда, ал 3-ші сессия - 2014 жылғы 30 маусымда жабылған болатын.
- Парламентті алда жұмыстың үлкен ауқымы күтіп тұр! - деді сөз сөйлеген Мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыпов. - Бұл өз кезегінде бізден жауапты мемлекеттік органдармен үйлесімді жұмыс жүргізуді талап етеді. Осыған байланысты уақытты ұтымды пайдалану мақсатында біз Парламент сессиясын ұзарту мүмкіндігін қарастырдық. Бұған ешкім қарсылық білдірмеді: Сенат пен Мәжіліс депутаттары каникулды 16 шілдеден бастауға рұқсат ететін қаулыны бірауыздан қабылдады», - делiнген « Депутаттар демалыстан бас тартты » атты мақалада.
"Айқын" осы күнгi санында мултимиллионер Саидмурод Давлатовпен сұхбат жариялап отыр.
Халықаралық бизнес-тренер, мултимиллионер Саидмурод Давлатовты бүгінде көп адам біледі. Әлемнің 63 елінде тренинг өткізген. Бизнес-тренинг жүргізіп жүргеніне жиырма жылға жуықтады. Оның тренингіне ендігі миллиондаған адам қатысты.
«Саидмурод Давлатов, халықаралық бизнес - тренер, экономика ғылымдарының докторы. Көбіне бизнесмендер барады. «Құмырсқаның философиясы» атты сериялық бестселлер кітабының авторы. Отыздан астам компанияның қожайыны. Алматыға келген бір сапарында біз Саидмуродпен сұхбаттасқан болатынбыз. Әңгімеміз негізінен, ақша, қаржылық сауаттылық, бизнес-тренинг төңірегінде өрбіді», - делiнген « Өмiрдегi ең маңызды нәрсе - ақшаны басқару » атты сұхбатта.
- Қышлақта өстім, балабақша дегеннің не екенін білген жоқпын, - деп бастады әңгімесін бизнес-тренер. - Содан орыс тілін үйрене алмадым. Орта мектепті жақсы бітірдім. Тек орыс тілінен ғана төрттік баға алдым, қалғаны кілең бестік болды. Политехникалық колледжге түстім, кейін тастап кеттім. Оқитын ақшам болмады. Заң факультетінде, музыкалық академияда оқыдым, қаржылық жағдайға байланысты оларды тастадым. Сөйтіп, Ресейге барып ақша тауып, елге келіп оқуымды жалғастыруды ойладым. Жарты жыл далада түнеп, жүк тасушы болып жұмыс істедім. Қоқыста жатқан нанды теріп жеген кездерім де болды. Мұның бәрі - шындық, мұны айтудан арланбаймын. Табыс ешкімге оңайлықпен келмейді.
- Алдымен қаржылық сауатымды арттыруым керек болды. Сөйтіп, көптеген тренингтерге қатыса бастадым. Нәтижесінде, ақшаның, бизнес дегеннің не екенін білдім. Әлемге әйгілі Бодо Шефер, Стивен Кови, Брайан Трейси, Тецуо Ясуйи секілді бизнес-тренерлерден сабақ алдым. Мен олардың әрқайсысынан жеке-жеке сабақ алдым, дәрістерінің әр сағатына 10 мың евро жұмсадым. Сенесіз бе, Стивен Ковидің бір сағаттық сабағына 17 мың евро төлеп отырдым. Сонда бір ғана сабақ алу үшін 600 мың доллар жұмсаған екенмін. Бодо Шефер менің қаржылық сауатымды ашты. Айналдырған жеті жылда қаржының астында қалатынымды айтты. Алланың қалауы шығар, үш жылда қаржыгер болып шыға келдім, - дейдi кәсiпкер.
***
«Егемен Қазақстан» газетiнiң бүгiнгi санында тарихшы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарих факультетінің деканы, профессор Тілеген Садықовтың «Қазақ хандығы әдет-ғұрып заңының ізгі жүйесін қалыптастырды» атты мақаласы жарияланды.
«Өткен тарихты таразыласақ, қазақ халқының күресі ондаған ғасырға созылатын күрделі саяси-тарихи кезеңдерден тұратынын көреміз. Бұл мәселе қазақ халқын құраған ру-тайпалар кезеңінен бастау алып, Қазақ хандығының құрылуы, оның саяси дамуы, әлеуметтік және рухани дамуы, халықтың ұлттық психологиясының қалыптасу ерекшеліктері сан рет тарих тезіндегі қатаң сынақтардан өтті», - дейдi автор.
«Қаны судай аққан, сүйегі таудай боп жатқан, бек ұлдары құл болып, пәк қыздары күң болған» елдің жағдайын күрт өзгертіп, «өлімші халықты тірілткен, жалаңаш халықты, кедей халықты бай еткен, аз халықты көп қылған, тату елге жақсылық қылған» Күлтегін сынды батырлар азаттық, еркіндік үшін қасық қаны қалғанша күресті. Ел болу үшін тақ басындағы қағандары мен дана абыздары түркі елін сақтау және дамыту мәселесіне саяси тұрғыдан қарап, ел тәуелсіздігін өмірдің мәні санады. Өшпейтін мақсат-мұраттарымыз бен мәдени-рухани құндылықтарымызға негізделген, қазақ халқы мен елімізде тұрып жатқан өзге де ұлттарды бір арнаға тоғыстыратын Елбасы ұсынған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы өткенімізден тәлім ала отырып, болашағымызды баянды ету жолындағы мұратымыздың бірі», - делiнген мақалада.
***
Қарағанды облысының Қаракеңгiр ауылында мал жаппай қырылып жатыр, деп хабарлайды ресми тiлде жарияланатын «Время» басылымы. "Загадочная зараза" атты тақырыппен жарияланған мақалада атап көрсетiлгенiндей, қазiрдiң онда 20 бас мал арам қатса, тағы 100 бас сиыр мен қой қатерлi дерттi жұқтырғандығы анықталды.
«Қазір стоматит, микробактериаз, пастереллез ауруларына күдік туып тұр. «Олардың адамға еш қауiпi жоқ. Дегенмен қазір ауруды таратпау үшін жаңағы Қаракеңгір ауылында малдарды уақытша шектеу жарияланды», - дейді Қарағанды облысы Ветеринария басқармасының бастығы Қайырбек Тұрсынбеков», - делiнген мақалада.
***
« Экспресс К » басылымының жазуынша, Қарағандыда қоғамды дүр сiлкiндiрген сот процессi өттi. «Апелляциялық алқа жасөспiрiмдер iсi жөнiндегi мамандандырылған соттың Ысқақовтар (тегi өзгертiлген) әулетiнiң бала асырап алуға қатысты қорғаншылық құқықтарынан айыру туралы үкiмiнiң күшiн жойды. Соттың мұндай шешiмiне асыранды сегiз жасар балаға қатiгездiк көрсету себеп болған едi. Ендi 8 жастағы асыранды бала оны жауыздықпен ұрып-соғып келген отбасыға оралатын болды», - делiнген мақалада.
Ысқақовтар әулетi Әнуарды төрт жыл бұрын асырап алған болатын. Олардың шаңырағында үлкен қызы бар болатын, алайда отағасы артынан iз қуатын ұлды қажет еттi. Ұлды балалар үйiнен алды, Әнуардың өзi оны бiлмедi және Ысқақовтар оның туған ата-анасы деп есептеп келдi. Балаға қатысты жәбiр көрсету оқиғалары қашан басталғанын ешкiм анықтай алмайды. Әнуардың бетiнде, денесiнде ауыр соққылардың iздерiн, кесiлген жараларды көргенде, бұл оқиғаға алдымен мектеп мұғалiмдерi назар аударған. Сөйлесу барысында ол анасы мен үлкен әпкесiнiң «тәрбиесi» екендiгiн жеткiзген. Оның сөзiне қарағанда, олар оны оқтаумен басынан ұрып, аяқ киiм мен қайшы лақтырған. Толығырақ, « Избитое детство » атты мақаладан оқи аласыздар.