Депутаттар елдік мәселелерді аймақтармен бірлесе отырып шешіп келеді-Сенат депутаты Е. Мұқаев

АЛ. 29 қыркүйек. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысынан Қазақстан Парламенті Сенатына сайланған депутаттың бірі - Ерболат Мұқаев. Сенатормен өңірге келген кезінде ҚазАқпарат тілшісі әңгімелескен еді.

Депутаттар елдік мәселелерді аймақтармен бірлесе отырып шешіп келеді-Сенат депутаты Е. Мұқаев

-Ерболат Рахметұлы, Ақ Жайық өңірінде көп­те­ген басшылық қызметтерде бол­­ды­ңыз, олар қазіргі де­пу­тат­тық қызметіңізге қан­ша­лық­ты әсер етуде?

-Мен 1984 жылы жоғары оқу орнын бітіріп келгеннен кейін, еңбек жолымды өзім оқыған Фурманов орта мектебінде (Жалпақтал ауылы) физика пәнінің мұғалімі қызметінен бастадым. Бір жылдан кейін ау­дандық комсомол комитетінің хатшылығына сайландым. Келер жылы Мәскеудегі жоғары комсомол мектебінде оқып, жоғары саяси білім алғаннан кейін, облыстық комсомол ко­митетінің бөлім меңгерушісі, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болдым. 1990 жылдың сәуір айында Фурманов аудандық партия конференциясында аудандық партия комитетінің екінші хатшысы бо­лып сайландым. Партия та­ра­ғаннан кейін аудандық статистика және талдау бөлімінің бастығы болып қызмет істедім. Бертін келе, аудан әкімінің орынбасары, облыс әкімдігінің ұйым­­дастыру, бақылау және кадр бөлімінің меңгерушісі, облыс­тық еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау басқармасы бас­тығының орынбасары, қала әкі­мінің орынбасары, облыс әкі­мі аппаратының жетекшісі қыз­мет­те­рін атқардым. Жалпы алғанда, 22 жыл мемлекет­тік қызметтің әр саласында еңбек етіп, өмір мектебінен өтіп, тәжірибе жинақтадым. Әрине, депутаттық қызметіме аудан, қала, облыс көлемінде атқарған жұмыстарым игі әсерін тигізіп жүр. Қандай да болмасын, заң­ға өзгеріс енгізгенде немесе жа­ңа заң қабылдағанда бұрын­ғы қыз­мет­терімдегі орын алған жай­­ларды ой елегінен өткізіп, заң­ның халыққа пайдалы болу жа­ғын ескеріп отырамын.

-Депутат ретінде қан­дай мә­се­ле­лер­ді шешуге ат­са­лыс­ты­ңыз? Сіздің пош­та­ңыз­ға ба­тыс­қазақстандық тұр­ғын­дар­дан сұрақ, өтініштер жиі түсе ме, ол мәселелердің шешілуі қалай?

-Жалпы, депутаттар елдік мәселелерді аймақтармен бірлесе отырып шешуге тырысады. Ел-жұрт күн тәртібіне қойған мәселенің оңайы болмайды. Бұл мәселелердің біразы шешімін тапса да, ше­шімін таппай тұрғандар да жоқ емес. Дана халқымыздың «Ең­бек қажытпайды, қайғы қа­жы­та­ды» деген сөзінің жаны бар. Тек уақытпен санаспай ең­­­бек ете білсек, көптеген мә­се­ле ше­ші­ле­ді. Әрине, менің пош­та­­­­ма тү­сетін хаттар аз емес. Оның ішінде су, жол, газ, спорттық керек-жарақтар, тұр­ғын үй, мемлекеттік тапсы­рыс, әлеуметтік-мәдени салаларға қа­тыс­ты өтініштер бар. Мы­сал­ға, Сенатқа келген уақыт ара­лы­ғын­да шешімін тапқан мә­се­ле­лер­дің қатарында емдеу ме­ке­ме­ле­рі көптеп саналады. Ел­ба­сы­ның «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына сәй­­кес салынған Орал қа­ла­сын­да­ғы ауысымына 500 адамды қабылдай алатын №5 қалалық ем­ха­на­­ның, 200 төсектік облыс­тық көп бейінді балалар ауру­ха­на­сы­ның, 150 төсектік он­­ко­­ло­­­гия­­лық диспансердің, Зе­­­ле­­н­ов ауданының Переметный ауылындағы 120 және Те­рек­­ті ауданының Ақжайық ауы­лын­дағы 100 төсектік ау­­­ру­­ха­­на­­лар­­дың, Ақжайық ау­­да­­­­ны­­­ның Чапаев ауы­лын­да­ғы 250 адамды қа­был­дау­ға ла­­­­­йық­­тал­­ған емхананың құ­ры­лыс­­та­ры 2009 жы­лы басталып, 2011 жы­лы аяқталу керек еді. Құ­ры­лыс қарқыны жақсы жүр­ген­дік­тен, әріптестеріммен бір­ге мәселе көтеріп, 2011 жыл­дың қаражатын бір жылға жыл­жыт­тық. Сөйтіп бұл емдеу орындары 2010 жылы, яғни бір жыл бұрын іске қосылды. Сондай-ақ Тасқала және Қаратө­бе аудандарында 100 балаға ар­­нал­­ған интернаты бар 300 орын­­дық жалпы білім беретін мектептердің құрылысына, «Чапаев-Жаңақала-Сайқын», «Жымпиты-Қаратөбе», «Ақсай-Шың­ғырлау» автожолдарын күр­­де­лі жөндеуге қаржы бө­лін­ді. «Ча­па­ев-Жал­пақ­тал» жолы­на жы­лы­на 4-5 шақырым жөн­де­луі­не қар­жы бө­лі­не­тін еді. Биыл бұл жол­дың 20 ша­қы­ры­мы­на қа­ра­жат­тың бө­лі­нуі­не, 2012 жылы 40 шақырым жолдың жоба-сме­та­лық құжаттамасының әзір­ле­нуі­не үлес қостық. Киров-Ше­жін ма­гис­трал­дық каналын күр­де­лі жөндеу және аумағы 12 ша­қы­рым­ға дейін созылатын жаңа канал салу жұмыстарына қаржы бөлінді. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ аумағында 560 орындық 9 қабатты жатақхана бой кө­тер­ді. 2010 жылға арналған рес­пуб­ликамыздың мемлекеттік қор­ғаныс тапсырмасы жобасына «Оралагрореммаш» АҚ-дан өрт сөндіру автокөліктерін Қорғаныс министрлігінің қажеттілігіне алу қарастырылды. «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ мен «Орал «Зенит» зауыты» АҚ жыл сайын Қазақстан Республикасының Қарулы Күш­те­рі, сонымен қатар басқа да әскери құрамалары үшін де мемлекеттік қорғаныстық тап­сыр­ма­лар­ды орындауға қа­ты­сатын болды. Ел аумағын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған «Ақбұлақ» бағ­дар­ламасын жүзеге асыру мақсатында біраз мәселе ше­шілді. Яғни Ақжайық ау­да­ны­ның Мерген, Тасқала ауданы­ның Тасқала, Оян ауылдарын таза ауыз сумен қамтамасыз етуге, Бөрлі ауданы При­урал ауылының су жүйесі желіле­рін қалпына келтіруге, Жәнібек ау­даны Тау, Жақсыбай, Бө­кей ор­да­­сы­­ның Саралжын ауыл­да­рын­да су жүйесінің құ­ры­лыс­та­рын жүргізуге, Шың­ғыр­лау ау­даны орталығын таза сумен қам­та­ма­сыз ететін «Ардақ» бас са­ға­сының құрылысына қар­­жы бөлінді. Міне, осылайша әр мә­селе өз шешімін тауып келеді.

-Сенат қабырғасы бойы­ңыз­ға қандай қасиетті дарытты?

-ҚР Парламентінің жоғары буыны саналатын Сенат - мемлекеттің ең жоғарғы заң шығарушы органы Парламенттің қос палатасының бірі. Парламентте қандай да болмасын мәселені мемлекеттік тұрғыда қарау қажет екенін сезінесің. Мемлекет неғұрлым мықты болса, халықтың да жағдайы соғұрлым жақсара түседі.

-Сізді қоғамдағы қандай мәселелер қатты мазалайды?

-Ел тәуелсіздігінің арқа­сын­да қазақстандық қоғамда бұ­рын-соңды болмаған әлеу­мет­тік-экономикалық, мә­де­ни, саяси оң өзгерістер көрініс тапты. Десек те, мені мазалайтын мә­се­ле баршылық. Мәселен, кейбір жастардың радикалды діни ағымдардың ырқына беріліп жүргендігі. Жап-жас жігіттер кеудесіне дейін жететін сақал қойып, біздің дәстүрлі ислам жолымен емес, басқа ағымдағы жолға түсуі алаңдатады. Бұрын қазақтың жастары емес, қа­риялары ғана сақал қойған. Са­қалдары күмістей аппақ бол­ған соң, оларды «ақсақал» деп құрметтеген. Және де ақ­сақалдарымыз қаба сақал емес, кішкентай ғана шоқша сақал қойған. Дінге ден қойған әрбір азамат ислам дінінің негізгі қағидаларын ұстанып, бес уақыт намазын оқып, ел қатарлы жүргенін қалар едім. Өркениетті заманда қоғам да, адам да адаспағаны дұрыс. Екіншіден, адамдар арасындағы шынайы достық емес, пайдакүнемдік ниет­пен «достық» іздейтіндер­дің қатары көбейіп бара жат­қан жоқ па деп алаңдаймын.