Депутаттар Қазақстанның сыртқы қарызын өтеу мәселесін көтерді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы төрт жылда Қазақстанның сыртқы қарызы 8 есеге өскен. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде бюджеттік заң жобаларын таныстырымы барысында депутат Аманжан Жамалов мәлім етті.

Депутаттар Қазақстанның сыртқы қарызын өтеу мәселесін көтерді

«2008 жылдан бері мемлекеттік және мемлекетпен кепілдендірілетін қарыз 2,2 миллиард доллардан 32 миллиард АҚШ долларына дейін өскен. Қарызға қызмет көрсетуге кететін шығын төрт жылда 8 есеге ұлғайған және бюджеттің кейбір маңызды шығын баптарынан асып кетіп отыр. Мысалы, білім беру  мен медицина сынды бюджеттік шығын баптарынан да жоғары», - деді депутат Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қаратып айтқан сөзінде.

Оның пайымдауынша, сыртқы қарыздың өсуі  бюджеттің тұрақтылығына өте үлкен салмақ салады.

«Әсіресе, ол Ұлттық қор қаражаттарын сақтықта ұстауға қауіп төндіреді», - деді депутат.

Мәжілісменнің еске салып өткеніндей, ҚР Ұлттық банкі жасаған экономикалық дамудың сценарийінде, егер мұнай бағасы барреліне - 30 доллардан, сондай-ақ валюта бағамы 1 долларға шаққанда 360 теңге шамасында болған жағдайда Ұлттық қор қаражаты бюджеттік шығыстарды жабуға 5 жылға ғана жетеді.

«Шетелден  қарыз алу жалғаса берсе болашақта Ұлттық қор қаражатынсыз қалатын жайымыз бар. Үкімет алдағы уақыттарда сыртқы қарыз мәселесін қалай реттеуді жоспарлап отыр?», - деді ол Бишімбаевқа жолдаған сауалында.  - Осыған тағы қосқым келеді, Халықаралық қаржы қорының мәліметтерін келтірген мұнда қисынсыз болады. Халықаралық қаржы қорының бағалауы бойынша, Қазақстанның сыртқы қарызы 2014-2015 жылдары ЖІӨ-ге шаққанда 14,7 пайыздан 23 пайызға өскендігін мен білемін. Дамыған елдерде оның көлемі 90-100 пайызға жететіндігін де бәріміз білеміз. Бірақ бұл мәліметтерді келтірген қисынсыз. Себебі олар экономикасында өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласының үлесі басым дамыған елдер», - деді депутат.

"Мемлекеттік қарызды 90-100%-ға жеткізу деген мақсат жоқ бізде. Алайда аздап өсім тіркелді. Бұл бірқатар жобаларды жүзеге асырудан және сонымен қатар кіріс көлемінің кемуінен орын алды. Біз xалықаралық ұйымдардан ұзақмерзімді және "жұмсақ" займдарды тартудамыз. Үкіметтік қарыз 21%, ал мемлекеттік 24%, міне айырмашылық... 2017 жылы мемлекеттік қарыздарымыздың өседі деп болжанып отырғаны, Ұлттық банк ішкі нарықта қысқа мерзімді ноттар шығару қызметін белсендіре түсті. Демек, қарыздың бұл бөлігі тұрақты емес, қысқамерзімді қарыз. Бұл Ұлттық банктің қызметі үшін қажет", - деді министр.

"Тағы бір маңызды мәлімет, біздің жалпы қарызымыздың жартысы - сыртқы, жартысы - ішкі. Яғни, ЖІӨ-нің 10%-ы ғана сыртқы қарыз. Бұл бақылауда ұстауға мүмкіндік беретін меже", - деді ол.