Депутаттар мен прокурор Бас прокуратура мен Парламент Сенаты арасындағы өзара іс-әрекеттердің маңызды сипаттарын талқылады
Бұл ақпаратты аталған ведомствоның баспасөз қызметі таратып отыр.
Бас прокуратураның хабарлауынша, кездесу ҚР Парламенті Сенаты Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің мүшелері Б.Имашев, С.Ақылбай, И.Әміров, С.Еңсегенов, Е.Жұмабаев, Ю.Кубайчук және Ж.Төрегелдиновпен арада өткен.
Депутаттар мен прокурорлар заң шығармашылығы қызметінің өзекті мәселелері бойынша Бас прокуратура мен Парламент Сенаты арасындағы өзара іс-қимылдың маңызды сипаттарын, құқық қорғау органдары қызметіндегі құқықтық базаны жетілдіруді талқылады. Қ.Мәми депутаттарды Құқықтық саясат тұжырымдаманы және Президенттің құқық қорғау жүйесін реформалау туралы Жарлығын іске асыру тәрізді қадағалау қызметін жетілдірудегі Бас прокуратура жұмысының басым бағыттары туралы хабардар етті.
Кездесу барысында Бас прокурор прокуратура органдарының қадағалау қызметі мен құқық қолдану тәжірибесі қолданыстағы заңдардың тиімділігін жүйелі әрі объективті түрде бағалауға, оның қайшылықтары мен кемшіліктерін анықтауға мүмкіндік беретінін, сондай-ақ заңнамаларды жетілдіру жөніндегі бастамаларға депутаттардың толықтай түсіністікпен қарауы және қолдау көрсетуі қуантатынын атап өтті.
Бас прокурордың осы пікірін депутаттар қолдай отырып, осындай кездесулердің бірлескен жұмыстың тиімділігін арттыру үшін пайдалы және қажетті екеніне, өйткені, ол заң шығарушыларға құқықтық актілердің пәрменділігі туралы, заңнамаларда орын алған олқылықтар жөніндегі объективті ақпаратты тікелей алуларына мүмкіндік беретініне мән берді. Осыған байланысты, сенаторлар прокуратура органдарының құқық қорғау қызметіне қатысты үйлестіру функцияларын күшейтуге, прокурорлық қадағалаудың тиімділігін одан әрі арттыруға, оның жұмыс істеуін қамтамасыз етуге заңды тұрғыдан пәрменділігін бекітуге бағытталған реформаның негізгі бағыттарын іске асыру бойынша бірқатар бастамалары мен ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, қылмыстық қудалаудың репрессивтілігін төмендетуді, қылмыстық процестегі заңдылықтың кепілдігін күшейтуді, құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігін бағалауға көзқарасты жетілдіруді көздейтін қылмыстық заңнамаларды одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша Бас прокуратура әзірлеген заң жобасының өзектілігі атап өтілді.
Прокуратураның қадағалау қызметін жетілдіруге бағытталған және құқық қорғау қызметінен өтудің бірыңғай құқықтық стандарттарын белгілеу ұсынылатын құқық қорғау қызметі туралы заң жобасының нормаларын ескере отырып әзірленген прокуратура органдарының қызметін жетілдіру мәселелері жөніндегі заң жобасы да маңызды құжат деп танылды.
Сондай-ақ, депутаттар прокуратура органдарына енгізілген қылмыстық істі қозғау сатысынан бастап, оны сотта қарағанға дейін қадағалауды бір құрылымның жүзеге асыруын көздейтін жұмыстың «тікелей» қағидатын, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметінің анықтығын қамтамасыз ету және бақылау жөніндегі шараларды, атап айтқанда, Астана және Алматы қалаларының ішкі істер органдарына қылмыстар туралы арыздар мен хабарламаларды электронды түрде тіркеудің автоматтандырылған жүйесін енгізуге жоғары баға берді.
Кездесуге қатысушылардың жалпы пікірі бойынша, Парламент және Бас прокуратура арасында қалыптасқан кәсіби өзара қатынасты одан әрі дамытуға, тұтастай алғанда, мемлекеттің құқықтық институттарын нығайтуға қызмет ететін іскер және сындарлы диалог болды.