Депутаттар мен шенеуніктердің деректері қамтылған шетелдік сайт бұғатталды

монитор
Фото: pixabay.com

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі еліміздегі депутаттар мен ведомство басшыларының деректері қамтылған шетелдік сайт бұғатталғанын мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

«Атап айтқанда, «rupep.org» интернет-ресурсының функционалы Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнама талаптарына сәйкес келмейді. Осыған байланысты Министрлік өз құзіреті шегінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат комитетіне «rupep.org» интернет-ресурсының жұмысын тоқтата тұру бойынша хабарлама жолдады. Осылайша, «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабының 1-3-тармағына және 41-1-бабының 1-1-тармағына сәйкес, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат комитеті «rupep.org» интернет ресурсының ашылуын шектеу бойынша шара қабылдады», - делінген Цифрлық даму министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Еске салсақ, биыл күзде Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерболат Саурықов ғаламтордағы rupep.org/ru атты сайттың жұмысы бойынша тексеру жүргізу керек екенін тілге тиек етті.

Бұл сайтта Қазақстан Парламенті депутаттарының, ведомство басшыларының да жеке мәліметтері тұр. Мұнымен қоса, олардың барлық туыстары, жеке сәйкестендіру нөмірлері, отбасы мүшелері жайында ақпарат қамтылған.

Осы орайда депутат бұл деректер ары қарай қылмыстық топтардың қолына түсіп кетпес үшін министрлік қандай қадамдар жасайтынын сұраған еді.

Соңғы жаңалықтар