Депутаттың орны босаса, мандат сол партияда қалады – сарапшы
АСТАНА. KAZINFORM – ОСК жанындағы Сараптамалық кеңестің алтыншы отырысында жаңа Конституция жағдайындағы сайлау заңнамасын қолдану мәселелері талқыланды. Кеңес мүшесі Индира Әубәкірова жиында депутаттың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда мандаттың қалай бөлінетінін түсіндірді.
Оның айтуынша, мұндай жағдайда қайта сайлау өткізілмейді. Депутаттың орнына партиялық тізімдегі келесі кандидат келеді.
– Азаматтар белгілі бір саяси күшке дауыс береді. Сондықтан депутаттың орны босаса, мандат та сол партияда қалады. Осылайша сайлаушылардың таңдауы сақталады, - деді Индира Әубәкірова.
Сарапшының сөзінше, осыған байланысты партиялық тізімнің рөлі де өзгереді.
– Партиялық тізім енді тек сайлау күні ғана қажет болатын құжат емес. Егер депутат қандай да бір себеппен мандатынан айырылса, оның орнына партиялық тізімдегі келесі кандидат келеді. Партия өз парламенттік командасы үшін тек сайлау күні ғана емес, бүкіл өкілеттік мерзімі бойы жауап береді, - деді ол.
Жиында сондай-ақ Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауын өткізу тәртібі, сайлауалды үгітті құқықтық реттеу, азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және сайлауды қаржыландыру мәселелері де талқыланды.