Депутаттың өз-өзіне қол салу оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды -Жамбыл облысы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданының Луговое ауылындағы өз үйінде асулы күйінде табылған Жамбыл облыстық мәслихат депутаты Қайрат Терлікбаевтың өлімі бойынша ҚК-тің 105-бабы 1-бөлігі бойынша (Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу) қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Жамбыл облысының ІІД баспасөз қызметі оқиғаның мән-жайын түсіндірген болатын.
«2017 жылдың 5 тамызында Тұрар Рысқұлов ауданының ІІБ-нің кезекші бөліміне 1961 жылы дүниеге келген К.-ның өз үйінде асылып қалғаны туралы хабар келіп түскен. Оқиға орнына бірден Тұрар Рысқұлов ауданының ІІБ қызметкерлері шығып, тексеру жүргізіліп, қайтыс болған азаматтың туған-туыстарынан жауап алынды», - дейді құзырлы ведомствоның баспасөз қызметінен.
Облыстық ІІД ақпаратына сәйкес, жауап алу барысында көз жұмған азаматтың келіні қайтыс болғаннан бір күн бұрын қайынатасының әдеттегідей әзіл айтып, көңілді жүргенін айтқан. Ал келесі күні таңертең сағат 07:00 шамасында ол әжетханаға бара жатып, сарайда асылып тұрған қайынатасын көрген. Бұдан кейін келіні бірден күйеуі мен оның бауырын шақырған. Олар жіптен шешіп алып, мүрдені үйге кіргізген.
«Марқұмның 1991 және 1993 жылғы балалары да (қайтыс болған азаматтың ұлдары) осыны растап отыр. Қазіргі таңда сот медициналық сараптама жұмыстары тағайындалды. Аталған факт негізінде ҚР ҚК 105-бабы 1-бөлігі бойынша (Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», - деп хабарлайды ведомстводан.
Қайтыс болған Қайрат Терлікбаев Тұрар Рысқұлов ауданы Луговое ауылында тұрған. Жамбыл облысының мәслихат депутаты болған. Үйленген, үш баласы бар.