Дертіңізге шипа, жаныңызға дауа іздесеңіз, атқа мініңіз

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемде жылқымен табиғаты етене қазақтай ұлт кемде кем. Ұлтымыздың арғы бергі тарихын Қамбар ата тұқымынсыз елестету мүмкін емес. Бізге алыс ғасырлардан сыр шертетін көзі тірі экспонат та осы жылқы түлігі. Қамбар ата тұқымын ең ерте пайдаланған халықтардың ұрпағы екеніміз туралы да тарихи деректер мол.
None
None

Атақты шығыстанушы, академик Рене Груссе атты Француз ғалымы өзінің «Дала империясы» еңбегінде: «Ең алғаш жылқы малы Оңтүстік орыс даласында пайда болған. Жылқыны алғаш қолға үйретушілердің көшпенділер болғаны күмән тудырмайды. Жылқы қолға үйретілісімен-ақ соғысқа пайдаланылды...» деген жазбалар бар. Бұл жердегі Оңтүстік орыс даласы қазақ даласының солтүстігі, Сібірдің оңтүстік етегі, қарт Алтай мен Саян қабырғалары және түріктің Өтүкен жынысы екенін тарих ғалымдары неше мәрте айтқан. Археологиялық қалдықтар бұдан 7000 жыл бұрын Еуразия даласы жылқыны қолға үйретушілердің Отаны болған деген қортынды шығарады.

Соңғы кездегі қазба деректер негізінде Қазақстан және көрші аймақтарда біздің заманымыздан бұрынғы 3-4 мың жылдықтар кезінде жылқы тек қолға үйретіліп қана қоймай, бір түрлі мәдени феномен ретінде, әлде қашан кең таралғанын дәлелдейді. Мұндай орындардың қатарына Солтүстік Қазақстандағы Ботай мәдениеті, Арқайым ескерткіштері, сондай-ақ сақ, ғұн заманының мұралары жатады (Берел, Шілікті, Есік қорғаны т.б.).

Өткен ғасырдың 80-жылдарында Көкшетау аймағынан табылған жылқы қорымын тереңірек зерттеген ғалымдар мұнда жерленген жылқылардың қазіргі қазақ жылқысымен бір текті екенін анықтады.

Бұл - халқымыздың жылқымен ежелден етене болғандығын дәлелдейтін деректер. Біздің бүгінгі айтпақ болғанымыз бұл емес, Қамбар ата тұқымының көпшілік білетін және біле бермейтін кейбір ерекше қасиеттері, қызықты мәліметтер.

Көпшілік жұрт әдетте «жылқы мінезді халқпыз» деп бекерден бекер айтпайды. Өйткені, жылқы өте сергек, сезімтал сондай-ақ, ақылды жануар.

Қазақ жылқы жануарын ерекше бағалайтын әлемдегі 24 ұлттың бірі.

Әлемдік тарихта жылқының ең арғы атасын гиракотерия дейді. Гиракотерияның салмағы 5 келі, бойының биіктігі небары 15 сантиметр, ол 60 миллион жылдай уақыт бұрын өмір сүрген.

Қамбар ата тұқымының 5 мүшесі айырықша дамыған.

Олар - сезу түйсігі, көзі, құлағы, аузы және мұрыны. Жылқы осы бес мүшесінің арқасында иесімен қатынасын да реттеп, оның қандай адам екенін ажырата алады. Сол арқылы өзінен қорқып тұрған адамға мінез көрсетеді. Оның осы қасиетін аңғарған ата-бабаларымыз қарсы әдісін таба білген.

Жылқының аузы, мұрыны, көзі мен құлағының ерекше сезімталдық қасиетімен қатар жылқының есте сақтауы да жоғары деңгейде. Ұлы Отан соғысы кезінде Шығыс Қазақстан өңірінен майданға, Беларусь жеріне пойызбен апарылған бір жылқы, алты айдан кейін өз мекеніне қайтып келген.

Дүние жүзінде жылқының түрі өте көп. Соңғы деректер бойынша 163 ке жуық. Олардың көбі аралас тұқымды. Тек санаулы тұқымдары ғана таза қанды деп айтылады, мысалы араб жылқысы.

Қазақ ежелден жылқының жасы мен денсаулығын тісіне қарап анықтаған. Айта кету керек, жылқының тісі басқа жануарлардың тісінен өткірлігімен де ерекшеленеді.

Жылқы туралы ең қысқа атау «ат» деген қазақта болса, ал ең ұзын атау перуан тайпасының үндістерінде деген дерек бар.

Соңғы уақыттағы ғылыми зерттеулер жылқы қызыл мен көк түсті ажырата алмағанымен, бірақ түрлі-түсті реңкте көретінін айтады, сондай-ақ, оның көзі қараңғы түнде өте жақсы көретінін бәріміз білеміз.

Ол бір бағытқа қарап тұрғанымен айналасын бірдей көре алады.

Сезімталдығы жағынан көптеген жануарлардан алда болатын жылқы иесінің өзіне деген ықыласын аңғара алады. Егер иесі өзіне ұнаса одан асқан адамның жансерігі болуы екіталай.

Жылқы қазақпен ежелден етене болғандығынан ғана емес, ол жоғарда айтқандай көптеген артықшылығымен, әсіресе ер басына күн туып, қиналған сәтте жол таба білетін ақылдылығымен бағалы. Ат иесін ешқашан жолда қалдырмаған.

Ат қалың тұман басып тұрғанда дұрыс жол тауып, шөл далада басын еркін қоя берсе сулы жерге бастап бару ерекшелігі бар.

Жылқының тектілігі сол, айғырлар өз тұқымына ешқашан шаппайды.

Бұрынғы бай бағландар, батырлар өздеріне міндетті түрде бір жақсы ат ұстай білген. Тарихымызға үңілер болсақ, тіпті бір жақсы ат үшін, ел мен ел ерегескен замандар болған. Қазақ ат ер қанаты деп бекер айтпаса керек. Аты әлемге мәшһұр Шыңғысхан жарты әлемді уысына алуы - көшпенділердің жылқы жануарының ерекшеліктерін соғысқа өркениетті түрде пайдалана алуында болса керек.

Қазақ тарихынан жылқының алар орны орасан зор екені барлығымызға түсінікті. Аты аңызға айналған қазақ батырлары өзінің желден жүйрік сайгүліктерінсіз айтылмайды. Ертөстік, Қобыланды, Алпамыс, Қамбар батыр, Қабанбай батыр сынды ертегілер мен тарихымыздағы алып тұлғалардың аты ақылды тұлпарларымен қатар айтылады. Желмен жарысқан жүйріктер Марғабылдың қарақасқа аты, Ақан серінің Құлагері сынды арғымақтар ұлтымыз тарихымен қатар жасай бермек.

Жылқы малының қазақ ауыз әдебиетіндегі орыны ерекше.

Әсіресе, халық әндерінде жылқы атаулары өте кең тараған. Ән сөздерінде жиі кездесетін жылқы атаулары: ақбақай, құлақасқа, үкілікер, майдақоңыр, екі жирен, бурылтай, т.б.

Ал, ұлтымыздың күй өнерінде төрт түліктің осы түріне арналған күй саны санап тауысқысыз. «Салкүрең», «Қосбасқан», «Телқоңыр», «Қара жорға», «Өрелікер»...

Әлемде жылқы түлігіне ең көп әуен арнаған халық қазақ екеніне дау жоқ. Бұның бәрі ұлтымыздың оған деген терең махаббатынан ғана емес, жылқының басқа жануарларға қарағанда артық жаратылысының әсерінен де болуға тиіс.

Б.э.д. V ғасырда Гиппократ қоршаған ортаның адамға әсерін байқап: «Ат үстінде жүру - тек қана жаралы адамды ғана жазып қоймай, меланхоликтерге жаман ойлардан арылып, керісінше, көңілін сергітіп, жақсы ойлар ойлауға жәрдемдеседі», - депті.

Ғылыми тілде «иппотерапия» деп аталатын атпен серуендеу арқылы жасалатын емнің бұл түрі медицинаның бүгін ашқан жаңалығы емес екен.

Яғни, сонау Б.э.д. V ғасырда осы ғылымның атасы Гиппократ жылқының ерекше емдік қасиетін аңғартып кеткен.

Тибет медицинасында жылқыны түсінде көру де - шипа болып есептеледі. Түсінде адам арасында құлындары бар жылқыларды көрсе - ауруынан тез айығатынының белгісі де, атты жайдақ мініп жүрсе - ұзақ ғұмыр кешеді деп болжаған. Мінекей, қазақтың «Ат үстінде әулие» дегені тегін сөз емес болды.

Ауыздығымен алысқан атқа міну кімге болсын қанат бітірері анық. Адамға еркіндікті тазалықты сезіндіреді. Қазақ еркіндікті ат үстінде сезінген. Еңбектеген сәтте қу шыбықты ат етіп ойнайтын қазақ баласы өсе келе шыбыққа жан бітірген.

Ат үстінде рухы тасып, қайраты қалыптасқан. Ендеше, рухымыз биік, денім сау болсын десеңіз бабалар ізін жалғастырып тұрған жөн болар.

Бейсен Сұлтанұлы

Соңғы жаңалықтар
Референдум