12:34, 06 Ақпан 2009 | GMT +5
Девальвация отандық өндіріске оң ықпал етеді ? маман пікірі
ОРАЛ. Ақпанның 6-сы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - ҚР Ұлттық банкі ақпанның 4-інен бастап теңгенің долларға шаққандағы айырбас бағамын мемлекет тарапынан қолдауды тоқтатқаны белгілі.

Бұл орайда абыржып, аптығатын ештеңе жоқ. Теңгеміз орнында, салмағы бұрынғыша. Ал девальвация ? қаржы нарығында оқта-текте орын алатын құбылыс. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкі БҚО филиалының директоры Борис Ізбасаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, болжам бойынша алдағы уақытта теңгенің айырбас бағамы бір долларға 150 теңге мөлшерінде бекиді және елеулі секіріс болмайды.
Девальциямен бір мезгілде Үкімет сыртқы қарыздан жарылардай болған отандық банктерді темірдей тәртіпке шақырып жатыр. Етек-жеңі жайылып, бір басы сонау Грузияға дейін жеткен ТӘБ-ні құтқарды. Абдырап қалған «Альянс Банкті» қанатының астына алды. Екінші деңгейдегі банктердің сыртқы қарызы 45 млрд. АҚШ долларына жуықтаса, биыл соның 12 миллиарды қайтарылуы тиіс. Девальвация қазақстандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілетін едәуір арттырады. Себебі импортқа баға көтеріліп, өз өнімімізге сұраныс көбейеді.
Ұлттық банк қаржы жүйесінде тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін 2009 жылғы наурыздың 3-інен екінші деңгейдегі банктерге қойылатын ең төменгі резервтік талаптарды ішкі міндеттемелер бойынша 2 пайыздан 1,5 пайызға, өзге міндеттемелер бойынша 3 пайыздан 2,5 пайызға төмендетті. 2009 жылғы ақпанның 5-інен қайта қаржыландыру ставкасын 9,5 пайыз деп белгіледі. Банктерді, ақша айырбастау пункттерін қолма-қол шетел валютасымен жеткілікті мөлшерде қамтуда ешқандай іркіліс жоқ. «Көк қағазға» сұраныс артқан жағдайда Ұлттық банк бұған дейін сатып алып қойған 600 млн. АҚШ долларын айналымға қосуға дайын. Әрине, жеке айырбас пункттерінде доллар бағамы жиі өзгеруі мүмкін. Сондықтан ақша айырбасында екінші деңгейдегі банктер қызметіне жүгінген дұрыс.
Сыртқы экспортының 60 пайызға жуығын мұнай операцияларынан түскен табыс құрайтын Қазақстан үшін қара алтын бағасының қымбаттауы - өте-мөте қажеттілік. Мұнай бағасы көтерілсе, теңгенің бағамы да нығаюы тиіс. Дегенмен мұнай бағасының қашан жоғарылайтынын, дағдарыстың қашанға дейін созылатынын тап басып айту қиын. Ендеше, осы уақытты тиімді пайдаланып, өз еліміздің тауар өндірушілерін қолдау шараларын күшейтіп, отандық өнім сапасын арттыруға кіріскен абзал.