Девальвация түпкі нәтижеде экономиканы нығайтады

АСТАНА. Ақпанның 5-і. ҚазАқпарат/ Таңатар Табынұлы/ -Девальвация - «ұлттық ақша бағамын төмендету» деген ұғымды білдіреді. Бірақ девальвация жағдайында қарапайым халық алаңдайтындай негіз жоқ.
None
None
Үкімет ұлттық ақшаның бағамын бірден түсіре салмайды. Ондай жағдайда теңгемен жалақы алатын, теңгемен банкке салым салған халықтың негізгі бөлігі зиян шегер еді. Сондықтан, жұмсақ девальвация жүзеге асады. Ол үшін екі тарап: халықтың мүддесі мен экономиканың нақты секторының мүддесі тең жағдайда қарастырылады. Девальвация жағдайында азаматтардың салымдары құнсызданып, тұтынушы ұтылғанымен, ол уақытша құбылыс. Девальвация түпкі нәтижеде ұлттық экономикаға серпін беріп, белгілі бір уақыттан кейін тұтастай халықтың әл-ауқатының артуына себепші болады. Екінші жағынан алып қарағанда, ғаламдық кеңістікпен өлшесек, инфляция деңгейінің күрт төмендеуі дефляцияға ұласып кетуі кәдік. Дефляция отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін, экономикалық өсімді тежейді. Ондай жағдайда тұралаған нарыққа келетін инвестициялар көлемі жедел қысқарады. Ал экономикалық өсім тоқтап қалса, жұмыссыздық белең алады. Міне, осы кезеңде қазақстандық теңгенің бағамын төмендету тығырықтан шығаратын логикалық шешім болып табылады. Сарапшылардың айтуынша, экспортқа бағытталған экономикамен дамудың жолына түскен елдер өз ұлттық ақшаларының бағамын төмендетуге ұмтылып отыр. Мысалы, Ресей осымен бірнеше рет ұлттық ақшасын девальвациялады. Одан ұтпаса, ұтылған жоқ. Экспортқа тауар шығаратын ресейлік алып кәсіпорындар одан сайын күш алып, бәсекелестігін арттырды. Қытайдың тәжірибесі де әлемді таңқалдырып отыр. Соңғы жиырма жыл ішінде юаньның бағамын жасанды жолмен түсіріп, арзан тауар шығарып келген Қытай қазір сыртқы нарықтарды жаулап алды. Яғни, экономикалық өсімді тоқтатпау үшін бізде әрі «жұмсақ», әрі сенімді түрде теңгенің бағамын төмендетуді жүзеге асыруымыз қажет. Бұдан экономикамыз көптеген жағымды мүмкіндіктерге ие болады. Біріншіден, арзан азық-түлік тауарлары көбейеді. Екіншіден, импортқа шектеу қойылып, экспорттың өсіміне жол ашылады. Үшіншіден, сауда сальдосы жақсарып, сырттан келетін капиталдың көлемі ұлғаяды.
Соңғы жаңалықтар