Дэвид Бекхэм спорт пен қайырымдылыққа қосқан ерекше үлесі үшін рыцарь атанды
АСТАНА. KAZINFORM — 50 жастағы әйгілі футболшыны Ұлыбритания королі ІІІ Карл рыцарь атағымен марапаттады, деп жазды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Англия құрамасының бұрынғы капитаны Дэвид Бекхэм сейсенбі күні Виндзор сарайында өткен салтанатты рәсімде спортты дамытуға және қайырымдылық саласындағы еңбегі үшін рыцарь атағын иеленді.
Instagram желісінде жарияланған бейнежазбада оны әйелі Виктория мен ата-анасы ертіп жүргені байқалады. Айта кетсек, Виктория Бекхэм 2017 жылы сән индустриясындағы еңбегі үшін Британ империясы орденімен марапатталған. Ол осы жолы күйеуі киіп шыққан костюмді өзі тіккен.
Дэвид Бекхэм Англия құрамасы сапында 115 ойын өткізіп, үш әлем чемпионаты мен екі Еуропа біріншілігіне қатысқан. Ол мансабы барысында «Манчестер Юнайтед», «Реал Мадрид», «Лос-Анджелес Гэлакси», «Милан» және «Пари Сен-Жермен» клубтарында ойнап, 2013 жылы кәсіби футболмен қош айтысты.
Алайда Бекхэмнің ықпалы футболдан әлдеқайда асып түсті. 2005 жылдан бері ол UNICEF ұйымының ізгі ниет елшісі болып табылады. 2015 жылы ынтымақтастықтың 10 жылдығына орай оның атымен аталған қайырымдылық қоры құрылды. Бұл қор әлемдегі балаларға, әсіресе қыздарға зорлық-зомбылық, кемсіту, ерте некеге тұру және білімге қолжетімділіктің болмауы сияқты мәселелермен күресуге көмектеседі.
Сонымен қатар, Бекхэм «Манчестер Юнайтед» клубындағы бұрынғы серіктесі Гари Невиллмен бірге «Солфорд Сити» клубының (Англияның екінші дивизионы) және АҚШ-тың «Интер Майами» командасының тең иесі болып табылады, деп жазады BBC.