Диабет әлеуметтік маңызды аурулардың тізімінен шығарылды: енді не өзгереді?

АСТАНА. KAZINFORM – Келер жылдан бастап қант диабетінің әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен алынуы денсаулық сақтау саласындағы маңызды өзгеріс болмақ. Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы өзекті мәселені мамандармен бірге талдап, өзгерістің ықтимал салдарын саралады.

диабет
Коллаж: Canva

Инсулинге тәуелді өмір: 535 мың адам диабетке шалдыққан

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, енді қант диабеті міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті аясында қаралады. Бұған дейін мұндай шектеу болмаған. Министрлік ресми түсініктемесінде өзгеріс науқастардың құқықтарын шектемейді деп сендірді.

– Шешім пациенттердің әлеуметтік қорғалу деңгейін төмендетпейді. Керісінше, қаржыландырудың тұрақтылығын арттырып, жаңа емдеу тәсілдерінің қолжетімділігін кеңейтеді, – делінген министрліктің хабарламасында.

Ведомствоның дерегінше, мемлекет бұрынғыдай балаларға, жүкті әйелдерге, зейнеткерлерге, студенттерге, мүгедектігі бар азаматтарға, жұмыссыздарға және созылмалы ауруы бар науқастарға тегін медициналық көмек көрсетуді жалғастырады.

Қандли диабет
Фото: pixabay.com

Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының есебіне сәйкес, бір пациенттің амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуіне жылына орта есеппен 618 мың теңге жұмсалады. Бұл – мемлекет шығыны. Ал азаматтар сақтандыру жарнасын төлеген жағдайда осы қызметтерді 10 есе арзан бағамен пайдалана алады. Мәселен, өзін өзі жұмыспен қамтып отырған адамдар сақтандыру жарнасы ретінде жылына 51 мың теңге төлеуі қажет. Мүгедектігі бар науқастар немесе жұмыссыздар үшін бұл соманы мемлекет төлейді. Егер диабетке шалдыққан адам бір мекемеде қызмет ететін болса, ол үшін жұмыс беруші ақша аударып отырады. Ал ешқандай жеңілдік санатына кірмейтін өзін өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар жарнаны өз қалтасынан шығарады.

Елде диабетке шалдыққандардың саны 535 мыңға жуықтады. Оның ішінде 504 456 адам немесе 95 пайызы екінші типті диабетпен тіркелген. Ал 30 577 адам бірінші типті диабетпен өмір сүреді, олардың 5 625-і – балалар.

Бірінші типті диабетке шалдыққан адамдар өмір бойы инсулин қабылдауға мәжбүр. Сондықтан реформаның бұл бөлігі олардың өмір сапасына тікелей әсер етуі мүмкін.

– Министрлік 95 пайыз науқастың сақтандырылғанын айтады. Бірақ қалған 5 пайыз ше? Бұл шамамен 1600 адам. Сол адамдар инсулинсіз қалса, олардың тағдыры не болмақ? – дейді «Диабеттік ата-аналар комитеті» қоғамдық қорының директоры Руслан Зәкиев.

Руслан Зәкиев
Фото: Руслан Зәкиевтің жеке мұрағатынан

 

«Реформада әлеуметтік фактор ескерілмеді»

Р. Зәкиевтің айтуынша, министрлік тиісті өзгерістерді «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 196-бабына енгізген.

– Мемлекет реформа жүргізуге құқылы екені түсінікті. Бірақ ол халықтың өмірі мен денсаулығының есебінен болмауы керек. Диабетпен өмір сүретін адамдар қазірдің өзінде білім алу, жұмысқа орналасу және ем алу кезінде шектеулерге тап болып отыр. Оларды осы алаңдатады, – дейді ол.

Қазақстандық қант диабетін зерттеу қоғамының басшысы Жанай Ақановтың пайымынша, тағы бір өзекті мәселе – кей науқастардың белгілі дәрілерге жеке төзімсіздігі. Мұндай адамдарға препараттар сауда атауы бойынша, яғни нақты өндірушіден сатып алынады. Бұған дейін шығындар жергілікті бюджет есебінен өтелетін. Енді олар қатардан шығарылған соң әкімдіктер оны сатып ала алмайды.

Жанай Ақанов
Фото: Жанай Ақановтың жеке мұрағатынан

– Министрлік шешім қабылдағанда әлеуметтік салдарға жеткілікті назар аудармады. Диабетті тізімнен алып тастау тек медициналық емес, әлеуметтік қолдау тетіктерін де азайтады. Мұндай реформаларды қоғам талқысынан асықпай өткізу қажет еді, – дейді диабетті зерттеу қорының президенті.

Қымбатшылық VS сұраныс: Диабетке арналған дәрілер жеткілікті ме?

Амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету тізімінен «Виктоза» мен «Трулисити» секілді глюкагонға ұқсас пептид-1 рецепторларының агонистері алынып тасталған. Руслан Зәкиевтің айтуынша, бұл дәрілерді Қазақстанда он мыңдаған диабетпен ауыратын науқас қабылдап келген. Олар үшін аталған дәрі жалғыз тиімді емдеу тәсілі болған көрінеді. Өйткені препараттар гипогликемия (қандағы қант деңгейінің күрт төмендеуі - ред.) тудырмайды, салмақты төмендетуге көмектеседі, сондай-ақ инфаркт пен инсульттің алдын алады.

– Иә, бұл дәрілер қымбат. Бірақ олардың тиімділігі мен пайдасы әлдеқайда жоғары. Енді біз екінші типтегі қант диабеті бар науқастар арасында жүрек-қан тамыр ауруларының көбеюіне, соның салдарынан өлім-жітімнің артуына тап болуымыз мүмкін, – дейді Руслан Зәкиев.

диабет
Фото: freepik.com

 

Диабет – амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етудегі ең қымбат аурудың бірі. Оған барлық шығынның 26%-ы жұмсалып келген. Сондықтан сарапшылар диабет мәселесімен айналысатын жеке формулярлық комиссия құруды ұсынып отыр.

«Науқастың жауапкершілігі маңызды»

Қазақстанда қант диабетінің таралуы алаңдатарлық деңгейге жетті. Сарапшылар дертті «жасырын індет» деп атап, алдын алу шараларын күшейту қажеттігін ескертеді.

Астана медицина университеті Отбасылық медицина кафедрасының зерттеуші доценті, эндокринолог, PhD доктор Ақбаян Марқабаеваның айтуынша, қандағы қанттың жоғары деңгейі адам ағзасындағы барлық тамыр жүйесіне кері әсерін тигізеді.

– Глюкозотоксикалық әсер – бұл тамырларға жасалатын үздіксіз соққы. Кез келген сәтте ол бүйрек жеткіліксіздігіне, көру қабілетінің жоғалуына немесе аяқ-қол ампутациясына алып келуі мүмкін. Қазақстанда күніне 100 адамға диабет дегендиагноз қойылса, шамамен 5 адамға аяқ ампутациясы жасалады, – дейді дәрігер.

Ақбаян Марқабаева
Фото: Ақбаян Марқабаеваның жеке мұрағатынан

Маман диабеттің екі түрі бар екенін еске салады. Алғашқысы – идиопатиялық, себебі әлі толық анықталмаған. Екінші типі – тұқым қуалайтын, көбінесе ол семіздік пен қозғалыс аздығының салдарынан туындайды.

– Қазір елімізде 2-типтегі диабет, яғни семіздікпен байланысты түрі жиі кездеседі. Алдын алу шаралары мен скринингті назардан тыс қалдырмау қажет. Сонымен қатар Қазақстанда эндокринологиялық институттың болмауы – шешімді қажет ететін өзекті мәселе, – дейді Ақбаян Марқабаева.

Медицина ғылымдарының кандидаты, нефролог Венера Алтынова да диабеттің ауыр салдарына назар аударды.

– Диабет асқынған жағдайда бүйрекке зақым келеді, мұндай науқастарға диализ қажет болады. Бір адамға мұндай ем 5 миллион теңгеге дейін шығын әкеледі. Сондықтан диабетпен күресте үнемдеу емес, алдын алу маңызды, – деді маман.

Ақбаян Марқабаева денсаулықты тек дәрі-дәрмекпен емес, өмір салты арқылы да сақтауға болатынын айтады.

– 2-типтегі диабетпен ауыратындардың өмір салты шешуші рөл атқарады. Дұрыс тамақтану, қозғалысты арттыру – басты қағидалар. Соңғы жылдары мемлекет диабетке қарсы дәрілерге жүздеген миллиард теңге жұмсады. Бірақ кей науқастар дәріні уақытылы қабылдамайды, кейде оның жарамдылық мерзімі өтіп, босқа кетіп жатады. Сондықтан азаматтардың жауапкершілігін арттыру керек. Диета сақтау, тәттіден бас тарту – ең қарапайым, бірақ ең тиімді алдын алу шарасы, – дейді эндокринолог.

Сарапшылардың айтуынша, диабеттің алдын алу оны емдеуден әлдеқайда тиімді. Дегенмен мемлекет дәрі-дәрмек пен емдеу шараларын қамтамасыз етіп отыр.

Бірақ әр азамат денсаулығына жауапкершілікпен қарап, дұрыс тамақтанып, белсенді өмір салтын ұстанбаса, нәтиже көңіл көншітпеуі мүмкін.

Соңғы жаңалықтар