Дидар Қарымсақов: ЖИ министрлігі стартаптарды дамытуға $1 млрд инвестиция салады

АСТАНА. KAZINFORM – Digital Bridge 2025 форумы алаңындағы «Jibek Joly» арнасының мобильді студиясында «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ төрағасы Дидар Қарымсақов Қазақстанның жасанды интеллект (ЖИ) саласындағы даму бағыты мен стартаптарды қолдау тетіктеріне тоқталды.

Дидар Қарымсақов: ЖИ министрлігі стартаптарды дамытуға 1 миллиард доллар инвестиция салады
Фото: видеодан алынған скрин

- Норвегияның инвестициялық қоры – 1,8 триллион доллар. Олар ЖИ енгізу арқылы орасан қаражат үнемдеп отыр. Қазақстан да осы бағытқа бет бұрып келеді. Соның бір дәлелі – жақында ЖИ министрлігінің ашылуы, – деді Дидар Қарымсақов.

Маман стартаптардың дамуына кедергі келтіріп отырған үш негізгі мәселені атады.

- Бірінші – қаржының тапшылығы. Мысалы, бүгін таныстырылған «Unicorn» стартапына 250 мың доллар инвестиция берілді. Бірақ мұндай көлемдегі қаражатты Қазақстанда табу оңай емес. Бұл мәселені шешуге енді ЖИ министрлігі жұмылады. Оның жанындағы «Alem» қоры стартаптарға 1 миллиард доллар инвестиция салмақ. Екінші мәселе – мамандардың шетелге кетуі. Бұл процесті жүйелеуіміз керек. Үшіншіден, ішкі нарықтың тарлығы. Қазақстанның нарығы шектеулі. Біз енді кемі Орталық Азия мен Қытай нарығына шығуға тиіспіз», – деді ол.

Айта кетейік, бүгін Астанада Digital Bridge 2025 халықаралық технологиялық форумы басталған еді.

 

Соңғы жаңалықтар