Диқандардан тыңайтқыш жетіспейді деген шағым түсіп жатыр – Олжас Бектенов
АСТАНА. KAZINFORM – Егістікке қатысты сұрақтар Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанындағы жедел штаб жұмысы аясында шешіледі. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов мәлім етті.

«Өңір әкімдіктері тыңайтқыштар мен жеңілдікпен дизель отынын жеткізуді жеделдету қажет. Диқандар тарапынан отандық зауыттарда тыңайтқыштар жетіспейді деген шағым түсіп жатқанын айта кеткім келеді. Сондықтан Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі сұранысқа ие тыңайтқыштар өндірісінің көлемін ұлғайту жөнінде шаралар қабылдауы тиіс. Фитосанитариялық жағдайға ерекше назар аударған жөн. Шегірткенің табиғи түрде ең көп таралуы биылға (2024 жыл) келіп тұр. Бұл мәселеге қатаң жауапкершілікпен қарау керек», - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Сонымен қатар Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, зиянкестердің таралу орындарын анықтауға қосымша ресурстарды жұмылдыруды және өңдеу жұмыстарын бақылауға алуды тапсырды.
«Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу бойынша барлық мәселе жедел шешімін тауып, тұрақты бақылауда болуға тиіс. Туындаған мәселелерді Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанындағы жедел штаб жұмысы аясында шешу қажет», - деді ол.
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов жылу нысандарын жаңғыртуда бюджет тепе-теңдігін сақтау қажеттігін айтқан еді.