Диқанның мемлекеттік қорға астық сату құлшынысы қайтсе оянады?

ТАНА. 27 қыркүйек. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Биыл республикамызда астық бітік шықты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамды мәліметтері бойынша, барлық егістік алқаптары орылып біткен кезде 25 миллион тоннаға жуық астық қамбаларымызға құйылатын болады
None
None

Бұл соңғы алпыс жылдағы рекордтық көрсеткіш болмақ, тиісінше тәуелсіздігіміздің 20 жылында қайталанбаған дүние. Көрші Ресей де мол астық алып жатыр биыл. Осы жылы 100 млн. тонна астық бастырамыз деп отырған орыстар оның 20-25 млн. тоннасын экспорттамақ ойда. Ал осыншама мөлшердегі астықты украиндар да сыртқы шығаруға қауқарлымыз деп желпініп отыр. Демек, астық нарығындағы басты бәсекелестеріміз әрі Еуропа нарығына шығу мүмкіндігі бізге қарағанда мол Ресей мен Украина осыншама бидайын экспорттамақ болып отырғанда, астық бағасының қымбаттауы жайлы әңгіме қозғаудың өзі артықтау ма дейміз.

Бүгін Үкіметтің селекторлық форматтағы отырысы өтіп, онда ағымдағы жылғы жиын-терім науқаны сөз болды. ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің "астықтың бағасы көтеріледі" деген үмітпен бидайларын сатуға құлшыныс танытып отырмағандығына қынжылыс білдірді. «Сондықтан, әкімдер бұл істі бақылауларына алып, астық сатып алу штабтарын құруы қажет. Шаруалар үшін ең дұрысы, астықтарын Азық-түлік корпорациясына сатып, бұл проблемалардан арылу», - деді ол. Оның айтуынша, Азық-түлік корпорациясы диқандардан астықтың әр тоннасын 170 АҚШ долларынан сатып алуға дайын. Ал диқандар болса «әліптің артын бағып» отырғанға ұқсайды.

Ал Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің атап өтуінше, Азық-түлік корпорациясымен астық сатып алу мақсатында облыстарда арнайы комиссия құрылған. Астық сатып алу шарттарының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында олардың құрамына мемлекеттік органдардың, қоғамдық және партия ұйымдарының өкілдері кірген. Жалпы, мемлекеттік комиссияның шешімімен ағымдағы жылы тоннасын 25 мың теңгеден 5 млн. тонна астық сатып алу көзделіп отыр. Қазіргі күні 1 млн. 300 мың тонна астықты сатып алуға келісімшарт жасалып, оның 360 мың тоннасына ақша төленген, тисті астық қолхаттары Азық-түлік корпорациясының атына аударылған. Айта кетерлігі, өңірлерден мемлекеттік қорға астық сатып алу тең жағдайда жүргізіледі. Мәселен, Қостанай облысының диқандарынан 1 млн. 600 мың, Солтүстік Қазақстан облысы шаруаларынан 1 млн. 450 мың тонна астық сатып алынады. Міне, осы квотаны жоғарыда аталған комиссия әрбір шаруа қожалығына тең бөліп береді. Қазіргі күні Қостанай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында астық сатып алу жұмыстары қолға алынса, басқа өңірлерде жеткізушілердің тізімін түзу жұмыстары жүргізілуде.

пшеница Ағымдағы жылы 16,2 млн. гектар дәнді дақылдар жиналады. Облыстық әкімдіктердің ауыл шаруашылығы департаментерінің мәліметтеріне қарағанда, қазіргі таңда республика бойынша 12,8 млн. гектар алқаптың астығы жиналған. Орташа шығымдылығы гектарына 15,8 центнерді құрап, 20,2 млн. тонна астық бастырылды. Бұл 2010 жылғы деңгейден гектарына 7,1 центнерге артық. Орылып жатқан егістік алқаптан тағы да шамамен 5 млн. тонна астық бастырылмақ. Ал ағымдағы жылғы экспорттық әлеуетіміз республиканың ішкі тұтыну көлемін қанағаттандыруға қажетті астық көлемін алып тастағанда 10 млн. тоннадан астамды құрайды. «Бұл орайда Қазақстан астығының дәстүрлі импорттаушылары Орталық Азия елдері, Ауғанстан және Иран шамамен 6 млн. тонна Қазақстан бидайын импорттай алады»,-деді А.Мамытбеков. Министрдің атап өтуінше, қалған 4 млн. тонна астық Балтық және Азов-Қаратеңіз бассейні айлақтары арқылы Батыс Еуропа елдеріне экспортқа шығарылмақ.

Айта кетерлігі, қазақ астығына сұраныс бар, дегенмен бар мәселе бағаға келіп тіреліп отыр. «Сондықтан, - дейді министр, - Орта Азия елдеріне, Ауғанстан, Иранға астық сатқанымыз тиімді. Өйткені бұл бағытқа көлік шығындары аз. Басқа елдерге шығарсақ көлік шығындарына байланысты ақша қолға аз тиеді».Мәселен, оның атап өтуіне қарағанда, Қара теңіз айлағында астық бағасы 280-285 долларды құрауда. Бірақ, айлаққа шығу үшін кемінде 100-120 доллар транспорттық тарифтер төлеумен қатар терминалдарда шамамен 20 доллар шығындауға тура келеді.

Қазақта «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген сөз бар. Қолда барымызды пұлдауға келгенде осы мақалды естен шығарып, өнімді неғұрлым жоғары бағаға сатуға тырысатынымыз шындық. Биыл астық нарығындағы негізгі ойыншылар болып саналатын барлық елдерде бидайдың бітік шығып жатқандығын ескерсек, астық бағасының қатты қымбаттай қоюы екіталай. Демек, алысқа арбалап шығарғанша, жақында дорбалап сатқанымыз абзал болар. Бұл ретте диқаншылар қамбаларындағы мол астықтарының іріп-шіруіне жол бермей, сындарлы шешім қабылдайды деп сенеміз.

Соңғы жаңалықтар