Димаш Құдайберген Кеншілер күніне арналған концерттің хедлайнері болды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Қарағанды қаласының Жаңа алаңында Кеншілер күніне арналған ауқымды мерекелік концерт өтті. Іс-шарада қала тұрғындары мен Қазақстанның түрлі өңірлерінен және шетелдерден арнайы келген қонақтар бас қосты.Бұл туралы dimashnews.com жазды.

Димаш
Фото: dimashnews.com

Концерттік бағдарламаға Қайрат Нұртас пен Дима Билан сынды танымал өнер иелері қатысты. Мерекелік кештің қорытынды бөлімінде Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген арнайы бағдарламасын ұсынып, көрерменге жуырда аяқталған Stranger турындағы композициялармен қатар, заманауи музыкалық премьераларды да тарту етті.

ы
Фото: dimashnews.com

Димаш өз өнерін Golden композициясымен бастады. Бағдарламаға әншінің ағылшын және қазақ тілдеріндегі авторлық туындылары – Smoke, Samgau, Give Me Your Love және Unforgettable Day шығармалары да енді.

Концерттік бағдарламаның маңызды бөлігін композитор Игорь Крутойдың Olimpico, Ave Maria, Stranger және Любовь уставших лебедей сынды туындылары құрады. Әр композиция Димаштың вокалдық мүмкіндіктерінің кең ауқымын танытып, сахнада сан алуан эмоционалдық атмосфера қалыптастыруына мүмкіндік берді.

Бағдарлама барысында өзге авторлардың да туындылары орындалды. Димаш лирикалық сипаттағы Махаббат бер маған композициясын және, динамикалық Weekend әнін орындады.

в
Фото: dimashnews.com

Концерттің елеулі бөлігі қазақтың музыкалық мұрасына арналды. Сахналық жаңа интерпретацияда Сәкен Сейфуллиннің сөзіне жазылған Tau ishinde, Дурдараз Ешнияз сала шығармалары, сондай-ақ халық әндері Aqerke мен Адай орындалды. Заманауи аранжировкалар, хореографиялық қойылымдар мен музыкалық сүйемелдеу дәстүрлі сарындарды қазіргі сахналық эстетикамен сабақтастыра түсті.

Концерттік бағдарламада Димашпен бірге кәсіби музыкант-аспапшылар да өнер көрсетті. Ұлттық музыкалық аспаптарда қобызшы Олжас Құрманбек, домбырашылар Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз өнер көрсетті. Музыканттар Димаштың концерттік нөмірлеріне қатысып қана қоймай, жеке шығармаларын да ұсынды.

ы
Фото: dimashnews.com

Кештің ерекше сәттерінің бірі – Димашқа дәстүрлі өрнекпен кестеленген шапанның тарту етілуі болды. Сыйлықты әнші сахнаға арнайы шақырған жас қазақстандық дизайнер табыстады. Димаш дизайнерге еңбегі үшін ерекше алғысын білдірді.

Кештің қорытынды композициясын әнші көрермендер арасында орындады. Сахнадан түсіп, көпшілікке жақын жерде ән шырқауы концерттің әсерлі финалына айналып, көрермендермен арадағы ерекше шығармашылық байланысты айқындай түсті.

Айта кетейік, Димаштың «Yazgi» әні Бельгия радиоларында шырқалды.