Димаш жанкүйерлері Қазақстан халқын Бірлік күнімен құттықтады
АСТАНА. KAZINFORM – 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Jibek Joly» радиосының тікелей эфирінде ерекше кездесу өтті. Әлемдік деңгейдегі жұлдыз Димаш Құдайбергеннің ата-анасы қатысқан бағдарламада Мексика, Польша және Аргентинадан байланысқа шыққан жанкүйерлер қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, Димаш феноменінің халықаралық достық көпіріне айналғанын дәлелдеді.
Әншінің әкесі Қанат Айтбаев ұлының репертуарындағы «Бір аспанның астындағы тарих» атты 10 минуттық реквием-шығармасының терең мағынасына тоқталды.
Оның айтуынша, бұл туынды тек вокалдық күрделілігімен емес, адамзаттың ортақ мұңы мен ізгі тілегін біріктіруімен құнды.
– Бұл ән орындалған кезде әр елдегі адамзаттың ізгілігі де, ішкі мұңы мен қайғысы да бір екенін көреміз. Тыңдармандар орындарынан тұрып, ұзақ уақыт қол соққанда, барлық адамның жүрегіндегі арманы – бейбітшілік екенін сезінеміз. Бір аспанның астындағы тарихымыз тек қана жақсылыққа аударылсын деген ойымыз бар, – деді Қанат Айтбаев.

Мерекелік эфирге шет елдерден Димаштың өнеріне тәнті жандар қосылып, жылы лебіздерін білдірді.
– Оның музыкасын бағдарламамда қосқан сайын көрермендерім таңғалып, біз бірден желіде трендке айналамыз. «Dears» – мен таныған ең әдемі әрі сыйластыққа толы фан-клубтардың бірі. Мексикадан Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын! Мен сіздерді жақсы көремін! I love you, guys, – деп Мексикалық радио және тележүргізуші Панчо Хосе сәлем жолдады.
Ал Аргентинадан байланысқа шыққан Паола Профета Димаш арқылы тұтас бір отбасының Қазақстанға ғашық болғанын жеткізді, тіпті, Аргентинада Димашқа арналған 24/7 режимінде жұмыс істейтін онлайн радио ашқан.
– 2019 жылы Димашқа кездейсоқ тап болдым. Анам, балаларым – үш буын оның дауысына тәнті болдық. Содан кейін оның қай елден екенін зерттеп, әсем ел – Қазақстанды таныдық. Біз оның мәдениетіне, өнеріне ғашық болдық. Радио құрудағы мақсатым – Аргентина мен Қазақстан арасындағы мәдени алмасуды насихаттау. Аргентинадан сіздерге үлкен махаббатпен сәлем жолдаймын! Алға, Қазақстан, – деді Паола Профета.
Еске сала кетейік, Аргентинада Димаштың құрметіне музыкалық кабинет ашылған болатын.