Дін істері министрі мектептегі хиджабқа қатысты түсінік берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа заң жобасында мектептегі хиджаб мәселесін реттейтін норма жоқ. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасын таныстыру алдында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мектепте хиджаб немесе орамал тағуға қатысты мәселелер Білім және ғылым министрлігінің құзыретінде. Өйткені министрлік бұйрығына сәйкес, мектепте балалардың арасында алауыздықты тудыратын кез келген мәселелерге қатысты шектеу бар, оның ішінде қымбат бұйымдар мен түрлі заттарды тағуға, қысқа көйлектер киюге болмайды. Сонымен қатар діни белгілерге қатысты талаптар ескерілген. Сондықтан бұл мәселе «Білім беру туралы» Заңда және Білім және ғылым министрінің бұйырығында нақты көрсетілген», - деді Н. Ермекбаев тілшілерге берген сұхбатында.
Осы орайда ол оқушылардың хиджаб киюіне байланысты шектеуді қарастыратын норма бүгін Мәжілісте таныстырылып отырған заң жобасында жоқ екенін атап өтті.
«Бірақ та, егер Білім және ғылым министрлігі мұндай норманы енгізуге бастамашылық етсе, оған біз қарсы болмаймыз», - деді министр.