Дін істері министрлігінің жұмысы еліміз үшін аса маңызды - Елбасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Дін істері министрлігінің жұмысы еліміз үшін аса маңызды - Елбасы

Кездесу барысында Мемлекет басшысына азаматтық қоғамдағы қазіргі жағдай мен дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде мәлімет ұсынылды.

Елбасы министрліктің жаһандық және өңірлік бүгінгі сын-қатерлер аясында атқарып отырған жұмыстарының өзектілігін ерекше атап өтті.

«Министрлік құрылғалы біршама уақыт өтті. Қазіргі жағдайда министрліктеріңіздің жұмысы еліміз үшін аса маңызды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Дін істері және азаматтық қоғам министрі Қазақстан Президентіне діни қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізу, мемлекеттік жастар саясатын іске асыру, сондай-ақ волонтерлермен және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі жұмыстардың нәтижелері туралы баяндады.

Елбасы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.