Дін мен ғылымды қарсы қоюға болмайды

АСТАНА. 17 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен ҚР Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен Алматыда ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Дін мен ғылымды қарсы қоюға болмайды

«Қазақ жерінің ортағасырлық ғұламалары және олардың ислам өркениетіндегі орны» деген атпен өткен жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі «IX-XVI ғ. Отырар және отырарлық ғалымдар» деген тақырыпта баяндама жасады.

 «Ислам озық ой мен прогрестің діні ретінде қай кезде де ғылыми-ағартушылық бағытты негіз етіп алды. Сондықтан да алғашқы күннен адамзатты білімге, оқуға үндеді. Құранға үңілумен қатар  алып ғалам кітабын да қоса зерделеуге шақырып, Ұлы Шебердің құдіретіне саналы түрде бас идірді. Қасиетті Құранның алғашқы аяты «Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы!» деп басталуы да ойланғанға ғибрат»,-деп атап өтілді жиында.

 «Ислам діні келгеннен кейін еліміз аумағында көптеген әлемге атақты ғалымдар шықты. Мысалға  айтқанда, Орта Азия мен Қазақстаннан шыққан даналар ішінде Әбу Нәсір әл-Фараби (870-950) - ғылымның барлық саласы, Әбу Райхан әл-Бируни (973-1048) - әсіресе география, Әбу Әли Ибн Сина (980-1037) - медицина, Ұлықбек (1394-1449) - астрономия, Әбу Ибраһим Исхақ әл-Фараби (951-?) мен Исмайл әл-Жауһари әл-Фараби (?-1002) араб тіл білімі Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-155) тарих филология ғылымдарына өзіндік үлес қосса, бұлармен қатар Исфиджаб-Сайрам, Йасы-Түркістан, Тараз бен Сығанақтан шыққан асыл перзенттеріміз де мұсылман заңы мен хадистану, тәпсір секілді ислами ілімдер саласына қалам тербеп, ислам мәдениеті мен ғылымынан өзіндік орын алды. Бұл біздің даламызға тән Ислам жолының басым бағыттарының бірі ғылыми-ағартушылық бағыт болатынын көрсетуде», - деді Бас мүфти өз баяндамасында.

 Конференцияда сөз алған ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов ғылым мен дінді қарсы қоюға болмайтынын жеткізді. Ғалымның пайымдауынша, Ислам діні қоғамдағы кез келген келеңсіз мәселені шешуге қауқарлы. «Қазір әлем елдері қарақшылықтан, ұрлық-қарлықтан, жезөкшелік пен нашақорлық дертінен айығудың жолын таппай, сарсаңға түсуде. Ал Ислам діні мұндай қатігездік пен күнәға жол бермейді. Сондықтан біз Ислам дініне деген көзқарасымызды түзеуіміз керек. Кеңес кезінде Ислам дініне қиянат жасалды. Міне, бұл нағыз қастандық еді», - деді Мұрат Жұрынов.