Дина оркестрінің ұжымы астрахандықтар челленджін БҚО-дағы әріптестеріне жолдады

None
Видеодан алынған кадр/ Құрманғазы атындағы өңірлік мәдени орталығы
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраудың Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің ұжымы астрахандық домбырашылардың челленджін қабылдап, Бтыс Қазақстан облысындағы әріптестеріне жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оркестр басшысы Бақытбек Сартбаевтың айтуынша, Ресейдегі қандас домбырашылардың челленджін қабылдаудың символикалық мәні бар. Өйткені, Дина анамыз – ұлы күйші Құрманғазының төл шәкірті.

«Мерейтой аясында ұлы күйші, композитор бабамыздың мәңгілік мекен тапқан орны – Ресей Федерациясының Алтынжар ауылында орналасқан Құрманғазы өңірлік мәдени орталығынан Атырау облысына челлендж жолданған еді. Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрі осы челленджді қабылдап, Батыс Қазақстан облысының Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестріне жолдады», - дейді Бақытбек Сартбаев.

Бұған дейін «Адай» күйін күмбірлеткен астрахандықтар Атырау облысына челлендж жолдағанын жазған едік. Ресейлік домбырашылар Құрманғазы кесенесінің алдында композитордың «Адай» күйін орындаған. Олардың арасында ересектер де, балалар да бар.

«Биыл қазақтың ұлы композиторы, күйші, домбырашы Құрманғазы Сағырбайұлының мерейтойын атап өтеміз. Осыған орай, біз – Астрахань облысының домбырашылары Атырау облысына челлендж жолдаймыз», - деген еді Құрманғазы атындағы өңірлік мәдени орталығының директоры Амангелді Әбілғазиев.

Қазақ жерінде кіндік қаны тамған ұлы күйші Ресей Федерациясының Володар ауданындағы Алтынжар ауылында жерленген.

«Алтынжар ауылында 2005 жылы Құрманғазы атындағы өңірлік мәдени орталық ашылды. орталыққа алыс-жақын шетелдерден жыл сайын мыңға жуық адам келеді. Туристерге Құрманғазы Сағырбайұлының, онымен замандас болған қазақтардың өмірі туралы мағлұмат береміз. Орталықтағы музейде ұлы күйшінің шығармашылығы, өмірі туралы сыр шертетін экспонаттар қойылған», - дейді Амангелді Әбілғазиев.


Соңғы жаңалықтар