Діни лидерлер кеңесі конфессияаралық диалогты жаңа жоғары деңгейге көтереді - Н. Назарбаев

АСТАНА. 30 мамыр. ҚазАқпарат - Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі жанындағы Діни лидерлер кеңесі конфессияаралық диалогты жаңа жоғары деңгейге көтереді.

Діни лидерлер кеңесі конфессияаралық диалогты жаңа жоғары деңгейге көтереді - Н. Назарбаев

Бүгін Астанадағы  Бейбітшілік және келісім сарайында өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV Съезінің жалпы отырысында сөз сөйлеген ҚР Президенті Н. Назарбаев осылай мәлім етті.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы жаңа ғана Діни лидерлер кеңесінің бірінші отырысы болып өткенін айтып, бұндай орган құру туралы өзінің ұсынысы бұған дейінгі үш жыл бұрынғы Съезде қолдау тапқанына тоқталды. «Кеңес құрамына жетекші конфессиялар; ислам, христиан, иудаизм, буддизм, индуизм, зороастризм өкілдері кірді.  Мән-маңызы жағынан алсақ, бұл діндер арасындағы өзара әрекеттестіктің көптарапты форматтағы бірінші жұмыс тетігі болып табылады. Кеңесті құру - барша конфессияаралық диалогты жаңа жоғары деңгейге шығарады. Біріншіден, оның аясында басқа да халықаралық диалогтық құрылымдармен өзара әрекеттестік тетігі жүзеге асады. Екіншіден, осы арқылы уақыт өте келе жаһандық бітімгерлік үшін маңызды құралға айналатын, зор әлеуетке ие жаңа тұрақты орган құрылып отыр», - деді Елбасы.