Дипфейк арқылы алдау: алаяқтар заманауи технологияны қолдана бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде дипфейктер тұрғындарды өте жоғары табыс табуға уәде ететін, алайда күмәнді инвестициялық жобаларға тартатын құралға айналды. Мұндай алаяқтыққа тіпті құқық қорғаушылар да түсіп жатыр.
Әлеуметтік желідегі дипфейктер қалай жұмыс істейді?
Дипфейк - жасанды интеллектінің көмегімен өңделген фото, бейне немесе аудио жазбалар. Бұл технология адамдардың фото, бейнежазбасын жасап, ешқашан айтпаған сөздерін дауыс, бет әлпет қозғалысы арқылы келтіруге мүмкіндік береді.
Әлеуметтік желілерде соңғы уақытта «Қазатомпром» атауын пайдаланған инвестициялық платформа туралы жарнама жаппай тарады. Бейнероликте бәрі шын секілді: Қазақстанға танымал тұлғалар, соның ішінде Димаш Құдайберген мен оның ата-анасы шығып, бұл жобаны «сенімді қаржылық мүмкіндік» ретінде таныстырған. Jibek Joly телеарнасының журналисі әйгілі әншінің әкесімен және жалған жарнамадан зардап шеккен өзге де азаматтармен тілдесті.

— Мені ренжіткені — Димаштың бейнесін алаяқтық мақсатта пайдалану. Бұл жағдайды арам пиғылды адамдардың ісі деп ашық мәлімдеймін және бұған сенбеуге шақырамын. Адамдар таныс жүзді көрген соң сеніп қалады. Біз барлық әлеуметтік желілерге шағым түсірдік, бірақ нәтиже шамалы. Бұл бағытта заңнамалық шаралар енгізу қажет. Біз ешқашан күмәнді қаржы схемаларын жарнамаламаймыз, — деді Димаштың әкесі Қанат Айтбаев.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун Қазақстанда дипфейктерді жасау мен тарату үшін жауапкершілік енгізілетінін айтты.
— Егер сіз жасанды интеллектіні пайдалану негізінде өнім ұсынсаңыз, тұтынушы өзінің ЖИ-мен сөйлесіп жатқанын білуі керек. Әкімшілік жауапкершілікке байланысты жазалау шаралары мен нормаларды заңнамада нақты көрсетеміз. Бұл бағытта біз арнайы жұмыс тобының құрамына кірдік, — деді вице-министр Мәжіліс кулуарында.
Жалған инвестициялық платформаға қайта оралсақ, оны маңызды мемлекеттік бастама ретінде, қазақстандықтарға ұлттық байлықтың бірлескен иесіне айналу, акциялар сатып алу және елдің ресурстарындағы нақты үлесін сезіну мүмкіндігі деп таныстырған. Көпшілік бұған сенді және «Қазатомпроммен» жұмыс істеп жатырмыз деп ойлады. Солардың бірі — құқық қорғаушы Виктор Сыздықов.
— Мен бұл жобаның не екенін көргім келді. Алдымен таныстарымнан сұрадым, ешкім ол туралы естімеген. Сосын өз көзіммен көріп, тексерейін дедім, — деді Виктор Сыздыков.
Жарнамада бағдарламаға мемлекет қолдау көрсетеді дегенін естігенде, В.Сыздықов анкета толтырған. Одан кейін оған Сергей есімді менеджер телефон шалған. Кейін клиентті өзін Расул деп таныстырған «талдаушыға» бағыттаған. Ол брокерлік шот ашылатынын айтып, тағы бір маманға жолдаған.
— Нәтижесінде шот расымен ашылды, мен ол жерге 49 520 теңге аудардым, — деді В. Сыздықов.
Әділетсіз жарнама
Платформадағы «жеке кабинетте» де графиктер, баланс, хабарламалар — бәрі сенімді көрінген. Алайда көп ұзамай Расул есімді «аналитик» табысты арттыруды ұсынған. Оның айтуынша, «көп табыс табу үшін» бұған дейін аударылған 49 520 теңгеге қосымша тағы 210 мың теңге салу қажет болған.
Виктор бұл ұсыныстың жарнамада көрсетілген шарттарға қайшы екенін айтқан. Себебі жарнамада аз ғана сомамен бастап, күніне 90 мың теңгеге дейін пайда табуға болатыны жазылған еді. Ол салымды көбейтуден бас тартқанда, Расул «мұндай сомаға ешкім жұмыс істемейтінін», «жарнама — ол жай ғана жарнама» екенін мәлімдеген.

В. Сыздыковтың айтуынша, шот ашылғаннан кейін 49 520 теңгенің «Әбдірашева» жеке кәсіпкерлігі атына аударылғаны белгілі болған. Виктор полицияға жүгінгенде, қызметкерлер платформаның өкілдерімен байланысуға тырысқан, бірақ олар қандай да бір қаражат алғанын жоққа шығарған.
Расул есімді аналитик инвестициялар ірі қазақстандық компанияларға — «ҚазМұнайГаз», «Қазақтелеком», сондай-ақ криптовалюта активтеріне бағытталады деп сендірген.
— Кейін ол мені Лейла есімді қызметкермен байланыстырды. «Шотты жабам десеңіз — өтініш жазыңыз» деді. Өтінішті жаздым, олар тез мақұлдап, картаның нөмірін сұрады. Сосын ақшаны қайтару үшін «доллардан теңгеге айырбастау керек», себебі «платформа Америкада орналасқан» деп түсіндірді. Әртүрлі техникалық себептерін айтып, бәрін шынайы етіп көрсетті. Ақырында ақшаны «айна тәрізді операция жасап, екі еселеп қайтару үшін» тағы 62 986 теңге салу керек деді. Сол жерде мен сеніп қалдым. Алаяқтыққа жол бермеу үшін өз шоттарымнан бар қаражатты әдейі шешіп алған едім, әйелімнен ақша алдым. Бұл қалыпты рәсім шығар деп ойлап, сол 62 986 теңгені аудардым, — деді В. Сыздықов.
Жәбірленушінің айтуынша, «бірдей сомасын» аударғаннан кейін Лейла оған ақшаның екі еселеніп қайтарылатынына және шоттың жабылатынына сендірген. Алайда көп ұзамай онымен қайтадан аналитик Расул байланысқа шыққан. Ол операцияның аяқталған-аяқталмағанын сұраған. Виктор операцияның аяқталмағанын айтып, платформаның өзінде техникалық ақаулар болғанын түсіндірген.
Кейін оған жаңа себеп айтылған: операция «келісімшартта көзделген» 100 доллар көлемінде «төмендетілмейтін қалдық» үшін аяқталмайды деп хабарланған.
Сыздыковтың айтуынша, мұндай қалдық туралы бұрын ешкім ескерткен емес. Ол бұған дейін 49 520 теңге және қосымша 62 986 теңге аударғанын, түбіртектерін де көрсеткенін айтып өтті, бірақ жағдай өзгермеген. Виктор бұл жағдай туралы көптеген әлеуметтік желідегі парақшалардан оқыған.
— Осыдан кейін мен олармен сөйлесуді тоқтаттым, бірақ аналитик үнемі хабарласып, «шотты жабыңыз» деп талап етті. Қалай жабамын, егер маған қайта-қайта «мүмкін емес» деп айтса? Оның үстіне дәл сондай аударымдар — мысалы 5 мың теңге көлемінде криптовалюта операциясы еш қиындықсыз өтетін, — деді ол.
Ер адам дереу Республикалық қоғамдық қорғаушылар одағының төрағасы ретінде көмек сұраған. Ол заңгерлерді тарту және қазақстандықтарды ескерту, сондай-ақ тергеу бастау мақсатында өз телефон нөмірін қалдырған.

Платформа өкілі мен «Қазатомпром» не дейді?
Журналистердің қатысуымен Виктордың шағымына дәл сол аналитик — Расул Исламьяров жауап берді. Ол тілшімен әңгімесінде «ешқандай алаяқтық жоқ», ал клиент шотты жабу шарттарын өзі бұзғанын айтып отыр:
— Ол шотты жабуға қажетті нормаларды сақтамай отыр. Сол себепті оған Broker Service қызметі қосылған. Мен онымен күн сайын байланыстамын, бұғаттамаймын, жасырынбаймын. Ақша оның биржалық шотында, оған тек өзі ғана қол жеткізе алады, — деді Р. Исламьяров.
Ол сондай-ақ танымал адамдар мен белгілі компаниялардың бейнелерін пайдаланған жарнамалар — «жай ғана маркетинг», олардың «инвестициялық» платформасына еш қатысы жоқ екенін айтты.
— Егер бір әйел шұжықты жарнамаласа, бұл оны сол әйелдің өзі жасайды деген сөз емес. Бұл — қолданушыларды тартуға арналған қарапайым жарнама. Мен ол бейнероликтердің жасалуына қатыспағанмын, — деді ол.
Расул өз сөзінде өзін «тәуелсіз аналитик» деп атап, халықаралық биржалармен жұмыс істейтінін айтты:
— Мен Bybit, HTX, Binance сияқты биржалармен әріптестік жасаймын. Клиенттің ақшасына қолжетімдік тек клиенттің өзінде болады. Барлық операциялар жеке кабинетінде көрсетіледі, — деді ол.
Алайда, «қаражатты қайтару» үшін неге жеке кәсіпкерлердің есепшоттарына қайта-қайта ақша аудару қажет болғанын түсіндіре алмады, оны «P2P операциялар арқылы валютаны айырбастау» деп түсіндірді.

Ал «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы олардың атын пайдаланған барлық бейнероликтер мен жарияланымдар шындыққа сай келмейтінін ресми мәлімдеді. Мұның бәрі — алаяқтар жасаған цифрлық жалған материалдар.
— «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ ешқандай табыс табуға арналған платформаларды іске қоспайды және инвестициялық кеңес бермейді, — деді компания өкілдері.
Айтпақшы, жоғарыда аталған Расул Kazinform агенттігінің тілшісімен сөйлескенде де олардың компаниясының шынайы «Қазатомпромға» еш қатысы жоқ екенін, бұл тек маркетингтік амал екенін жасырмады.
Бұл оқиғаға нүкте қою үшін уәкілетті органдардың түсіндірмесі қажет. Алайда ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі нақты жауап бермей, ресми сауал жолдау қажеттігін айтты.
Сонымен қатар, Агенттіктің ресми сайтында «Бағалы қағаздар нарығында қызмет етуге берілген және қайта рәсімделген лицензиялар тізілімі» бар. Сол реестрде бұл инвестициялық платформа да, қаражат аударылған жеке кәсіпкер де тіркелмеген.

Қаражатты қалай дұрыс инвестициялау керек?
Экономикалық сарапшы Бауыржан Ысқақов Қазақстандағы заңды және лицензияланған инвестициялық платформалар әдетте нарықтық құралдарға сүйеніп, қалыпты, бірақ нақты табыс ұсынатынын айтты.
Шамамен депозиттер мен облигациялық өнімдер жылына шамамен 10-16% табыс береді. Қазақстандық компаниялардың акциялары — жылына 10-30%, бірақ мұнда баға ауытқуының тәуекелдері ескеріледі. Инвестициялық қорлар — таңдалған стратегияға қарай орта есеппен жылына 8-20% табыс береді.
Бұл құралдардың барлығы тек Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде тіркелген лицензияланған брокерлік компаниялар арқылы ғана қолжетімді.
— Алаяқтық схемалар әдетте шындыққа сай келмейтін, айына 50-100% дейін өте көп табысты уәде етеді. Еш сын-қатер болмайтынын айтып, кепілдік береді. Көп жағдайда олар «автопилот» немесе сіздің орныңызға сауда жасайтын ботты ұсынады. Мұндай платформаларда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы болмайды. Telegram немесе Instagram желілерінде агрессивті жарнама болмайды. Ал заңды инвестор ешқашан кепілді табысты уәде етпейді, кез келген инвестиция белгілі бір тәуекелмен байланысты болады. Иә, Қазақстанда ірі компаниялардың акцияларына заманауи цифрлық платформалар арқылы инвестиция салуға болады, — деді Б. Ысқақов.
Инвестиция үшін делдалдың болуы міндетті емес. Қазір кез келген адам базалық оқу курсынан өте алады. Мысалы, Freedom Finance өз оқыту бағдарламаларын ұсынады, ал Jusan — бастаушы инвесторларға арналған тегін курстар өткізеді.
Инвестиция жасамас бұрын ақпарат көзін тексеру, ресми органдармен кеңесу және даурықпа уәделерге сенбеу қажет. Қырағылық пен ақпараттың болуы — азаматтардың мүддесін қорғаудың ең басты құралы болып қала береді.