Дипломатияның барлық мүмкіндіктерін қарастыра отырып, Р. Әлиев пен оның сыбайластарын елге қайтару қажет ? В.Рогалев
АСТАНА. Маусымның 10-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Сыртқы істер министрлігіне дипломатияның барлық мүмкіндіктерін қарастыра отырып, Рахат Әлиев пен оның сыбайластарын елге қайтару қажет. Бұл жайлы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында еліміздің Сыртқы істер министрі Марат Тәжинге жолдаған депутаттық сауалында Виктор Рогалев мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Австрия Еуропаның демократиялық құндылықтарына аса зор құрметпен қарайтын ел ретінде белгілі. Сондай-ақ бұл ел Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты демократиялық институттарды нығайтуға бағытталған халықаралық ұйымдарға мүше мемлекет. Ал оның қылмыскерлерді еліне қайтару жөніндегі Қазақстанның ұсынысына үн қатпай отырғандығы түсініксіз. Қазақстан сұратып отырған азаматтар өз елдерінде мемлекеттік төңкеріс жасау, адам ұрлау, мемлекет мүлкін жымқыру сияқты өзге де ауыр қылмыс жасағандары үшін ұзақ жылға сотталғандар. Қазір депутаттармен қатар көптеген қазақстандықтарды Р.Әлиев пен оның сыбайластарын Австрия мемлекеті неге қанатының астына алып отыр деген сауал мазалайды. Ал Австрияның бірқатар саясаткерлері кәдімгі қылмыскерлерді саяси босқын етуге тырысуда. Бұл әрекеттің Қазақстан туралы жалған көзқарас қалыптастырып, оның әділеттілікке деген ұмтылысын жоққа шығаратыны түсінікті. Сондықтан да еліміздің Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, Р.Әлиев пен оның сыбайластарын экстрадициялау мәселесі бойынша нақты шараларды қолға алуы қажет. Бұл пікірді Австрияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Урсула Фарингерге жеткізуіңізді сұраймын», - деді депутат.