«Дипломмен ауылға» жобасы аясында жастардың басым бөлігі ауылда тұрақтап жатыр - Бозымбаев
АСТАНА.KAZINFORM – «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен барғандардың 95 пайызы ауылдарда қалып жатыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлім етті.
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Айгүл Қапбарова аталған бағдарламаны жүзеге асыру кезінде жүйелі проблемалар байқалғанын айтты.
- Соңғы үш жылда бағдарлама аясында 116 маман белгіленген еңбек міндеттемелерін орындамаған. Бұл өз кезегінде мемлекет алдындағы 784 млн теңге сомасындағы қаржылық міндеттемелердің туындауына алып келді. Аталған жағдайды ауылдарға бармауының және тұрақтамауының салдары ретінде қарастыру қажет. Бұған тұрғын үймен қатамасыз ету деңгейі, еңбекақы, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым, сондай-ақ кадрларды сүйемелдеудің жеткіліксіздігі әсер етеді. Бағдарлама басталған 2009 жылдан бері қанша жас маман кері қайтты? Бұл жағдайға талдау жасалды ма? - деп сұрады А. Қапбарова.
Өз кезегінде Үкімет басшысының орынбасары 2009 жылдан бастап «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 52 мың жас маманға тұрғын үй алуына 198 млрд қаражат бөлінгенін айтты.
- Оның 1620-сы үш жылдық еңбекпен өтеу шарттарын орындамаған немесе жалпы көлемнен 3,1 пайызды (15 жылда) ғана құрады. Бұл жоба 15 жылдан астам мерзімде жүзеге асырылып келе жатқанын ескерсек, жақсы көрсеткіш деп ойлаймын. 15 жылда - 3 пайыз деңгейінде ғана. Ал соңғы екі жылда бұл көрсеткіш - 1,4 пайыз, яғни осындай жағдай азайып келеді, - деді Қ. Бозымбаев.
Оның айтуынша, бағдарлама аясында барған кейбір жастардың тұрақтамауына климаттың жақпауы, денсаулық жағдайы, отбасын құруға байланысты басқа ауданған көшуі немесе басқа салаға ауысуы сияқты себептер әсер еткен.
- Жалпы, үш жылдық міндеттемеден кейін, жастардың 95 пайызы ауылдарда қалып жатыр. Мұны жақсы нәтиже деп бағалаймын. Үш жылдан кейін 5 пайызы кетіп қалған. Егер міндеттемесін орындамай, үш жылдың ішінде кетіп қалса, несиесін тез арада жабады, - деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Айта кетейік, қарыз маман жұмыс істейтін елді мекенде тұрғын үй сатып алуға немесе салуға беріледі. Кредиттің ең көп мерзімі – 15 жыл. Негізгі талап – жобаға қатысушы ауылдық жерде мамандығы бойынша 3 жыл жұмыс істеуі керек.
Бұған дейін сенатор Нұртөре Жүсіп «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасына қатысушылардың кейбірі міндеттемелерін орындамағанын айтты.
Бағдарлама іске асырылған кезеңде 114 мыңнан астам маман қолдау алған, ал 52 мыңға жуық адам тұрғын үй мәселесін шешкен.