«Дипломмен - ауылға» бағдарламасымен келгендер шаңырақ көтерді - БҚО
ОРАЛ. 12 қазан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-ның Тайпақ ауылындағы Ақжайық аудандық ауруханасына өткен жылы «Дипломмен - ауылға» бағдарламасымен келген Жетіс Шораев шаңырақ көтерді.
Аурухананың бас дәрігері Хамит Ералиннің хабарлағанындай, Қызылорданың Аралында туып-өскен Жетіс бір жыл ішінде жұмысқа деген жауапкершілігімен ауыл тұрғындарының қошеметіне бөленді. Биыл Алматы қаласында бір айлық мамандандыру курсына барған Ж.Шораев Кәмшат есімді бірінші санатты кардиологпен көңіл жарастырып, оны Тайпаққа ала келді. Қазір жас жұбайларға аудан әкімдігінің қолдауымен 2 млн. теңгеге жеке үй сатып алынып берілді.
Жалпы, биыл аталмыш аурухана үш бірдей жас маманмен толықты. М.Оспанов атындағы Ақтөбе медицина университетін бітіріп келген педиатр Сәбира Сүндетова да баспаналы болды. Сондай-ақ Алматыдағы С.Аспандияров атындағы ұлттық медицина университетінің түлегі, стоматолог Айнагүл Ғабдуалиева еңбек етіп қана қоймай, бақытын осы Тайпақтан тауып, тұрмыс құрды.