«Дипломмен - ауылға» бағдарламасына сәйкес Жаңақала ауданына 25 жас маман келді - БҚО
АЛ. 11 қазан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы БҚО-ның Жаңақала ауданында да жүйелі жүзеге асырылуда.
Аудандық экономика және қаржы бөлімінен түскен мәліметке қарағанда, 2009 жылы қолданысқа енгізілген осы бағдарлама бойынша ауылға келген әр жас маманға үкімет 90720 теңге мөлшерінде көтермеақы төледі, жұмыспен қамтыды. Биыл олар 106315 теңге көтермеақы мен баспана алуға 909 мың теңге мөлшерінде бюджеттік несие алмақ. Мұның өзі - денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт саласы мамандарына арналған әлеуметтік қолдау.
2009 жылы ауданға келген 22 жас маманға 1995840 теңгенің көтермеақысы беріліп, бөлінген қаржы игерілді. Мамандардың 17-сі білім, 2-і денсаулық, 2-і әлеуметтік қамсыздандыру, 1-і - мәдениет саласының кадрлары. Өткен жылы 30 жас маманға 2967000 теңге көтермеақысы берілген. Былтыр баспана үшін несие ұсыну да қолданысқа еніп, 12 жас маманға 10358 мың теңгенің бюджеттік несиесі берілген.
Жас мамандарды әлеуметтік қолдау биыл да жалғасын тапты. Жыл басынан 25 жас маманға 2657 мың теңгенің көтермеақысы төленді. Биыл да келген мамандардың дені білім беру саласынан. Атап айтқанда, 19-ы білім, қалғаны - өзге салалардан. Сонымен қатар биыл бес адам 4502 мың теңгенің бюджеттік несиеге қол жеткізді.
Аталмыш бағдарлама бұдан былай да жалғасын табады.