«Дипломмен - ауылға» жобасы аясында ауылға бет бұрған жастар саны көбейіп келеді

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Нұр Отан» ХДП Бөрлі аудандық филиалы төрағасының орынбасары Светлана Жүкиеваның айтуынша, жас мамандарға әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі арнайы комиссия өткен жылы 35 жас маманның өтінішін қарап, қанағаттандырды. Олардың арасында 28 педагог, 3 балабақша тәрбиешісі, 2 дәрігер, 1 кітапханашы, 1 көркемдік жетекші бар. Барлығына да жетпіс айлық есептік көрсеткіш көлемінде (90 720 теңге) көтерме жәрдемақысы берілген.
Жас мамандарды әлеуметтік қолдауға 3 млн. 175,2 мың теңге бөлінді. Сондай-ақ ауылдық жерде еңбек ететін мамандардың жалақысы қаладағы әріптестеріне қарағанда 25 пайызға жоғары. Жарсуат, Александров, Ақсу, Пугачев ауылдарына келген төрт жас маман тұрғын үймен қамтамасыз етілген.
Биылғы қаңтардың 1-інен бастап тұрғын үй сатып алу үшін 15 жыл мерзімге нөлдік пайыздық мөлшерлемемен алты жүз отыз есептік айлық көрсеткіштен аспайтын сомада бюджеттік жеңілдетілген несие (816 480 теңге) берілетіндігі де жастардың құлшынысын күшейтіп отыр.