Дирижерлер байқауынан маңғыстаулық Әділ Бестембеков жүлдегер атанып қайтты
АҚТАУ. 2 маусым. ҚазАқпарат. - Алматы қаласында өткен Нұрғиса Тілендиев атындағы ІІ республикалық дирижерлер байқауынан Маңғыстау облыстық М. Өскенбаев атындағы филармонияның кіші симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Әділ Бестембеков жүлделі үшінші орынды алып қайтты.
«Байқауға қатысушылардың басым көпшілігі оркестрде жұмыс істеп жүрген мамандар, кәсіби дирижерлер болды. Мен бұған дейін республикалық Боздақ Рзаханов атындағы дирижерлер байқауына қатысып, екінші орынды иеленген едім. Әрине, шеберлікті шыңдау үшін мұндай байқаулар өте қажет. Байқауда Нұрғиса ағамыздың көптеген шығармалары орындалды», - дейді Әділ Бестембеков.
Еліміздің түкпір-түкпірінен 18 бен 40 жас аралығындағы 16 үміткер қатысқан байқауға ҚР еңбек сіңірген әртісі Айтқали Жәйімов бастаған қазылар алқасы төрелік еткен. Ал, үміткерлер Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрі мен Жамбыл атындағы филармонияның симфониялық оркестрімен бірге Н. Тілендиевтің шығармаларын, батыс классиктерінің түрлі жанрдағы туындыларын орындаған.