Дизель отынының қозғалысы цифрланды: Шаруалардың нақты тұтынуы 21 пайызға азайды
АСТАНА. KAZINFORM — Күзгі дала жұмыстарына 401 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев айтты.
— Күзгі дала жұмыстарына дайындық аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді дизель отынымен қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылғы шілдеде Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері бірлесіп, биылғы 1 шілде мен 30 қараша аралығына арналған «2026 жылғы күзгі дала жұмыстарына 401,1 мың тонна дизель отынын жеткізу графигін» бекітті. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дизель отынын жеткізу Мемлекет ұсынған жеңілдетілген баға бойынша жүзеге асырылып жатыр. Жыл сайын 800 мың тонна дизель отыны бөлінген кезде соңғы 3 жылдағы нақты игеру көрсеткіші 80 — 86 пайызды құрайды, — деді ол.
Оның мәліметінше, 2026 жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін 844,7 мың тонна дизель отыны бөлінді. Нақты игеру көлемі — 606 мың тоннаны немесе 72 пайыз. Бұл ретте 2026 жылғы 3 қыркүйекте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қажеттіліктері үшін астық пен майлы дақылдарды кептіруге қосымша дизель отынын бөлу мәселесіне қатысты өткен кеңестің қорытындысы бойынша министрлік 41,3 мың тонна дизель отынын бөлді.
— 2024 жылы мұнай өнімдерінің қозғалысын цифрландыру бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде 2023 жылмен салыстырғанда бөлінген көлемдер аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің нақты тұтынуы 729 мың тоннадан 602 мың тоннаға дейін, яғни 127 мың тоннаға немесе 21 пайызға төмендеді. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта мнистрлікпен Шымкент мұнай өңдеу зауытында өндірілетін ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне арналған дизель отынын молекулалық таңбалау пилоттық жобасын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Пилоттық жобаны іске асыру мерзімі — 2026 жылғы 1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін, оператор функцияларын «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамы және «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарады, — деді вице-министр.
Қайырхан Тұтқышбаевтың мәліметінше, «шілде–қараша» кезеңінде 2026 жылғы күзгі дала жұмыстарының бүкіл кезеңіне көзделген 401,1 мың тоннаның 268 мың тоннасы немесе 67 пайызы тиеп-жөнелтілді.
— Мұнай өңдеу зауыттарынан тиеп-жөнелту ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өтінімдеріне, төлемнің жүргізілуіне және вагондардың берілуіне байланысты, — деді ол.
Айта кетейік, отырыста күзгі жиын-терім барысы қаралып жатыр.