Дмитрий Попко Румыниядағы жарыстың ширек финалына өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық, әлемнің 222-ракеткасы Дмитрий Попко Брашов (Румыния) челленджер турнирінің ширек финалына өтті.

Жарыстың 8-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық спортшы екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 744-орында тұрған румыниялық Штефан Палошимен ойнады.
Попко қарсыласын 7:5, 7:5 есебімен ұтты. Екі сағат 4 минутқа созылған тартысты бәсекеде Дмитрий 9 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Палоши 3 эйспен шектелді.
Дмитрий Попко ширек финалда рейтингіде 246-сатыдағы тағы бір румыниялық Филип Кристиан Жиянумен шеберлік байқасады. Ол әлемнің 185-ракетасы, бразилиялық Густаво Хейдеден айласын асырды – 6:3, 3:6, 6:2.
Қазақстандық теннисші қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде 210-орынға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Франциядағы турнирдің жартылай финалына жолдама алғанын жазған болатынбыз.