Діни ақпараттық материалдарды қандай орындарда таратуға рұқсат етіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті ресми сауалымызға жолдаған жауабында елімізде діни мазмұндағы материалдарды тарату ережелері жөнінде мәлімдеді.
– «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңы 9-бабының 2-тармағына сәйкес, діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек қана ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда таратуға жол беріледі, – делінген хабарламада.
Одан бөлек, аталған заңда діни материалдарды Қазақстан аумағына әкелу және елімізде діни кітаптарды шығару шарттары да қамтылған. Ол үшін аталған діни еңбектерге дінтану сараптамасының оң қорытындысы берілуі тиіс.
– Заңның 9-бабының 3-тармағына сәйкес, ҚР аумағына діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды дінтану сараптамасының оң қорытындысын алғаннан кейін тіркелген діни бірлестіктер ғана әкеле алады. Бірақ әр атаудың бір данасындағы жеке пайдалануға арналған материалдар бұған кірмейді. Сондай-ақ, аталған баптың 3-1 тармағына сүйенетін болсақ, діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды әзірлеуге, шығаруға және таратуға дінтану сараптамасының оң қорытындысы алынғаннан кейін жол беріледі, – делінген ресми жауапта.
Айта кетейік, бұған дейін жаңа Конституциядағы зайырлылық және дін мен мемлекет қатынасы қалай реттелетіні жөнінде жазғанбыз.