Дохадан кейін Дубай турнирі: Путинцева Носковамен екінші рет кездеседі

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Дубай (БАӘ) WTA 1 000 турнирі басталады. Жүлде қоры 3,6 млн АҚШ долларынан асатын аталмыш ірі жарыс 16-22 ақпан аралығында өтеді. 

Юлия Путинцева
Фото: ҚТФ

Қазақстанның екінші, әлемнің 20-ракеткасы Юлия Путинцева алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 33-орында тұрған 20 жастағы чехиялық Линда Носковамен ойнайды.

Бір қызығы, 11 ақпан күні қазақстандық теннисші Дохадағы дәл осындай доданың екінші айналымында Носковадан 2:6, 3:6 есебімен жеңіліп қалған болатын.

Сонымен қатар Путинцева чехиялық спортшымен бірге жұптық сында өнер көрсетеді. Олардың бастапқы қарсыластары – қытайлықтар Синьюй Ван – Чжэн Сайсай.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина Дубай жарысын екінші айналымнан бастайды. Ол әлемнің 37-ракеткасы, биылғы Доха турнирінің финалисі, 2017 жылғы Ролан Гаррос жарысының чемпионы, латвиялық Елена Остапенко немесе рейтингіде 63-сатыда тұрған Моюка Учижиманың қай жеңгенімен шеберлік таласады. Жапониялық теннисшіні Дохада Ю.Путинцева жеңген болатын.

Өткен жылы Дубайда Е.Рыбакина ширек финалға дейін жетсе, Ю.Путинцева қатыспаған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бейбіт Жұқаевтың алғаш рет жұптық сында челленджер турнирінің чемпионы атанғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ қазақстандық теннисшілер қатысқан Доха турнирінің жеңімпазы анықталды.

Соңғы жаңалықтар