Докторанттардың шәкіртақысы тағы екі есе өседі
АСТАНА. KAZINFORM — Жас ғалымдар өндірістен шықпай-ақ PhD дәрежесін алуға мүмкіндік алды. Бұл туралы елордада «Болашақ бейнесі: нәтижеден — жаңа стратегияға» атты форумда ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті.
— Бұған дейін шәкіртақы мөлшері екі есе өсті, оны тағы да өсіруді бастаймыз. Қазір докторанттардың шәкіртақысы — айына 252 мың теңге. Оны тағы екі есе өсіруге келесі үш-төрт жылға бағыт алдық, — деді Саясат Нұрбек.
Сонымен қатар ол елде «Индустриялық PhD» атты бағдарлама басталғанын еске салды. Енді жас ғалымдар өндірістен шықпай-ақ үш жылдың ішінде жеңілдетілген форматпен, модельмен PhD дәрежесін алуға мүмкіндік алды.
Бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі студенттердің шәкіртақысын жыл сайын көтеру мүмкіндігін пысықтайтынын жазған едік.