Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

«Долфин» тайфуны Қытайға жетті: жүздеген мың адам эвакуацияланды

АСТАНА. KAZINFORM – Биылғы 13-ші «Долфин» тайфуны Қытайдың шығысындағы Чжэцзян провинциясының жағалауына екі рет соққы берді. Табиғи апатқа байланысты жүздеген мың адам қауіпсіз жерге көшіріліп, мыңнан астам әуе рейсі тоқтатылды, деп хабарлайды Синьхуа.

«Долфин» тайфуны Қытайға жетті: жүздеген мың адам эвакуацияланды
Фото: Синьхуа

Қытайдың Ұлттық метеорологиялық орталығының мәліметінше, тайфун алғаш рет жексенбі күні жергілікті уақыт бойынша шамамен 17:30-да Чжэцзян провинциясының Тайчжоу қалалық округіне қарасты Юйхуань қаласының жағалауына жетті.

Сол сәтте тайфун эпицентріне жақын маңдағы желдің ең жоғары жылдамдығы секундына 42 метрге жетіп, 14 балл болды. Осыған байланысты «Долфин» күшті тайфун санатына жатқызылды.

Шамамен бір сағаттан кейін, 18:40-та тайфун Чжэцзян жағалауына екінші рет шықты. Бұл жолы ол Вэньчжоу қалалық округіне қарасты Юэцин қаласының жағалауына соққы берді. Тайфун орталығына жақын маңдағы желдің жылдамдығы секундына 38 метрге жетіп, 13 балл болды.

Табиғи апаттың жақындауына байланысты Чжэцзян билігі халықты алдын ала эвакуациялауға кіріскен. Тайчжоу қаласында көшкін қаупіне байланысты шамамен 390 мың адам қауіпсіз жерге шығарылды. Провинцияда паром және круиз қатынасын қоса алғанда, теңіздегі қызмет уақытша тоқтатылды.

Шанхайда да қауіпті аймақтардан шамамен 30 мың адам эвакуацияланды.

Тайфун әуе қатынасына да айтарлықтай әсер етті. Чжэцзян провинциясының әкімшілік орталығы Ханчжоудағы Сяошань халықаралық әуежайында 9 тамызға жоспарланған 388 рейс тоқтатылды.

Жергілікті БАҚ мәліметінше, Шанхайдағы Хунцяо және Пудун әуежайларында жоспарланған рейстердің шамамен 60%-ы, яғни 1300-ден астам әуе рейсі орындалмай қалды.

«Долфин» қатты жел мен нөсер жауын әкеліп, су тасқыны мен көшкін қаупін күшейтті. Қытайдың Ұлттық метеорологиялық орталығы табиғи апат әсер ететін аудандардың жергілікті билігін аса күшті нөсерге байланысты қорғаныс шараларын күшейтуге шақырды.

Айта кетейік, бұған дейін Қытай «Долфин» тайфунына байланысты алты өңірде қауіп деңгейін көтергенін хабарладық.