Долларды зор тұту - психологиялық тәуелділік - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 31 қазан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 31 қазан, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

Долларды зор тұту - психологиялық тәуелділік - БАҚ-қа шолу

***

Атырау облыстық әкімдігі мен «Қазақстан-Атырау» телеарнасы жаңа бір жобаны қолға алды. Бұл - аудан әкімдерінің облыстық телеарна арқылы тікелей эфирге шығуы. Әр апта сайын берілетін жарты сағаттық тікелей эфирге алдымен Махамбет ауданының әкімі Ерлан Жаңабаев шақырылды. Ең жас әкімнің бірінен саналатын ол бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне өзі басқаратын ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі, іске асырылып жатқан жобалар жөнінде айтып берді, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында.

Басылымының атап өтуінше, Махамбет - өңір орталығына ең жақын орналасқан, сонымен бірге, негізінен ауыл шаруашылығы кеңінен дамыған аудандардың бірі. Соған қарамастан, ауданда негізгі капиталға 22 миллиард 237 миллион теңге салыныпты. Соңғы үш жылда ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 11,4 миллиард теңгеге ұлғайып, биылғы тоғыз айда 2,7 миллиард теңгеге жеткен. Биылғы күзгі жиын-терін маусымында 3174 тонна картоп, 10045 тонна көкөніс, сондай-ақ, 5054 бақша өнімдері жиналған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін жылыжайларда өсіруге де ден қойылып отыр. Төрт түлік саны арта түскен.

Басылымның жазуынша, Астана қаласында тұратын зейнеткер Рафаил Сұлтанов жаяу жүргіншілер үшін бейнежазба жабдығын ойлап тапты. Өзінің айтуына қарағанда, мұны автокөліктегі регистраторды қайта жасап шығу арқылы өмірге келтірген. Ал жаңа жабдық қалтаға да, дорбаға да салып жүруге қолайлы көрінеді.

Р. Сұлтанов ойлап тапқан құрылғының негізгі бөлігі бөлек дорбада ұсталады екен де, объективі оның белдігіне қондырылады. Зейнеткердің айтуынша, адам жүріп келе жатқанда, иығы аса көп қозғалысқа түсе бермейді. Бұл дорбаның белдігіне ілінген түсірілім құралының қалыпты жұмыс жасауын қамтамасыз етеді. Ал бейнерегистратор аккумуляторының күші үш сағатқа дейін жетеді. Осының өзі қаланың бір шетінен екінші шетіне барып қалуға молынан жетіп жатыр.

Қазір зейнеткер өнертапқыш жаңалығына патент алу қамында жүр.

Делиде «Kazakhstan-India Travel and Tourism Fair» деп аталатын Қазақстан-Үндістан 8-ші туристік жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға жетекші үндістандық туроператорлар мен БАҚ өкілдері қатысты. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап, хабарлап отыр.

Жыл сайын Үндістан астанасында «Эйр Астана» ұлттық әуе тасымалдаушысының қолдауымен және Қазақстанның Үндістандағы елшілігінің ұйымдастыруымен өтетін іс-шараның басты мақсаты - Қазақстанның туристік имиджін ілгерілету және екі ел арасындағы туризм саласы бойынша байланыстарды кеңейту, үнді қауымдастығына, ресми және бизнес қоғамдарына, алдыңғы қатарлы үнді туроператорларына еліміздің туристік мүмкіндіктерін кеңінен тарату, дейді басылым.

Аталған іс-шарада Қазақстанның туристік мүмкіндіктері туралы сөз сөйлеген Қазақстанның Үндістандағы Төтенше және өкі­летті елшісі Дулат Қуанышев қатысушыларды Қазақстанның туризм саласы мен туристік тартымдылығына оңтайлы әсер ететін еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдаймен әрі демократиялық өзгерістермен таныстырып өтті. Бұдан бөлек, елші үнді тарапына Қазақстан азаматтарын Үндістан әуежайларында виза алу құқығына ие мемлекеттердің тізіміне енгізуіне орай алғысын білдірді.

Ақтөбе облыстық прокуратурасының баспасөз қызметінің деректері бойынша, тек бір ғана Байғанин ауданының мұнай құюшы терминалы арқылы жалпы сомасы 1,5 миллиардтан артық теңгені құрайтын 15 тоннадан астам мұнай заңсыз жолмен алынып, елімізден сырт аймақтарға шығарылғаны анықталып отыр. Бұл туралы да «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жазылған.

Басылымның хабарлауынша, тексеру кезіндегі деректерден анықталғанындай, мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы облыс бойынша бір жылда 100 мың тоннадан кем емес, ал оның құны 10 млрд. теңгеге жуық қаржы құрайды екен. Облыс прокуратурасымен талданып отырған салада тексерулер жүргізу басталған уақыттан бері қылмыстық қудалау органдарымен 54 қылмыстық іс қозғалған, ал 2011 жылы барлық органдармен небәрі 13 қылмыстық іс, онда да маңызы онша үлкен емес деректер бойынша қозғалған. Бүгінгі таңда облыс соттары 15 қылмыстық іс қарап, олар бойынша 37 адам темір тордың арғы жағына аттандырылған. Мақала «Мұнай ұрлығы тыйылмауда» деген тақырыппен берілген.

***

Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында қалаулылар ұлттық заңнамаға «тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша» түзетулер енгізетін арнайы жобаны бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл құжатқа сәйкес, әйелін ұратын еркектерге сол әрекетін қоймаса, әйелімен тұруға тыйым салынбақ. Бұл туралы «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Отбасын ойрандайтындарға енді оңай болмайды» деген мақалада жазып отыр.

Басылымның атап өтуінше, «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының ерекшелігі - оған бір топ депутат бастамашы болып, өздері жазып шығыпты. Сондықтан оны бастамашылар атынан Мәжіліс депутаты Светлана Бычкова қорғады. Қолданыстағы заң бойынша тұрмыста нағыз тиранға айналған еркектерге, егер онысын қоймаса, айыппұл салынады. Алайда депутат ханымның айтуынша, ондай оспадарлардың көбісі маскүнемдік жолына түскен, жұмыс жасамайды, содан айналып келгенде, оған мемлекет салған айыппұлды жұмыс істейтін әйелге төлеуге тура келеді. Яғни осылайша әлгі әйел екі рет жәбір көреді. Осы себепті бастамашы парламентарийлер біріншіден, айыппұл салуды алып тастамақ.

Бұдан басқа жаңа заң жобасының үш ірі жаңалығы бар: ол жәбір көруші баланы отбасынан алып қойып, уақытша қамқоршы тағайындауды, ерлі-зайыптылардың екеуіне де мүліктік құқықтарын жүзеге асыруға тыйым салуды қарастырады, сондай-ақ зорлықшының жәбірленушімен бірге бір тұрғын үйде немесе пәтерде тұруына тыйым салынбақ. Мұны заңдастыру үшін Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 59-1-бабына толықтыру енгізілетін көрінеді. Мұндай жазаны қолдану-қолданбау жайын сот шешеді.

Қазақстан Жазушылар одағының «Әдебиетшілер үйінде» Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қазконтент» АҚ-ның ұйымдастыруымен «Әдебиет порталының» таныстырылымы өтті, деп хабарлайды «Айқын» газеті.

Газеттің жазуынша, «Әдебиет порталында» еліміздің мәдени мұрасына, әдебиетіне және тарихына қызығушылық танытатын барша оқырман қауымнбас қосатын болады.

Веб-порталдың басты мақсаты - ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық әдебиетті жүйелі түрде насихаттау және Қазақстанның қазіргі заманғы жазушылар мен ақындарының шығармашылық белсенділігін арттырып, қазақ әдебиетін кеңінен таныту болып табылады. Порталдың арқасында қолданушылар қазақ және әлем әдебиетін талқылап, өзара пікір алмасу мен әдеби-онлайн платформасын құру мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қоса, өз пікірлері мен рецензияларын қалдырып, жеке кітаптары мен аудармаларын әлеуметтік желілер арқылы бөліседі. Қазақстандық авторлардың шығармаларын интернет-қор арқылы оқырмандарға - қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде жеткізілетін болады.

Еліміздің экс-бас қаржыгері депозитке салатындарыңызды үш валютаға бөліп салыңыздар деп, кеңес беруші еді. Марченко қызметтен кеткелі басы артық қаражатты тек доллармен сақтаған жөн дегенді айтатын сарапшылар қатары көбеюде. Бұл туралы «Айқын» газеті «Долларды зор тұту - психологиялық тәуелділік» деген мақаласында жазады.

Басылымның атап өтуінше, АҚШ-тың ахуалы адам қызығарлық болмай тұрғанына қарамастан, доллар әлем халықтарының санасында құдіретті валюта ретінде мәңгіге жазылып қалған секілді. Оның қатарында біздің қазақстандықтар да бар. Еліміздің сарапшылары да қаражат сақтауда ең сенімді валюта - доллар екенін алға тарта береді. Тіпті бағамы мың құбыла бастаған еуроны да сақтық варианты ретінде пайдалануға болады, бірақ биылғы жыл соңына дейін ғана дегенді айтады сарапшылар. Ұлттық валютамыз қайда сонда? Бұл сұраққа келгенде, сарапшылар оның орнында екенін, әзірге девальвацияның ауылы теңге үшін алыстау екенін айтып, көңіл жұбатады. Дегенмен де мұндай екіұшты пікірлердің бір бармағы бүгулі секілді көрінеді де тұрады.

Қазанның соңғы күндері еуроның бағамы, сарапшылардың АҚШ-тың еңбек нарығы бойынша статистикасына сүйене отырып айтуынша, 2011 жылдың 11 қарашасындағы көрсеткіш деңгейіне жетіп, өрлеп тұр. Еуроның АҚШ-та бюджет дағдарысы мәселесі шешіліп жатқан қазанның 15-нен бастап екпін ала бастағаны мәлім. Америкалықтар техникалық дефолттан қашып құтыла алды, дегенмен бұл еуро валютаның өсуіне қатты ықпал жасады. Қазанның бірінші жартысында еуро/доллар 1,35-1,37 белгісі аралығында құбылып тұрған. Сарапшылардың болжамы бойынша, инвесторлардың абдырап, дүрбелеңдік күй кешуі осындай нәтижеге жеткізген. Олар қолдарындағы долларды сату керек пе, әлде доллар сатып ала түсу керек пе екенін ажырата алмай, жанталасқан сыңайлы. Сірә, қолыңда тым көп ақшаң болса да, оңай емес шығар. «Аяқ астында валюта құнсызданып, қобыраған қағазды құшақтап, сазға отырып қаламын ба?» деген үрей байларға маза бермейтін секілді. АҚШ-тың мемлекеттік қарыз ағынын көтергеніне қарамастан, инвесторлардың долларға деген тәбеті көтеріле қоймай, олар бар назарын еуро мен алтынға аударып отыр.

«Адамдардың долларға деген психологиялық тұрғыда тәуелділігі ұлттық валютаны бірте-бірте әлсіретуге жол бастайды деп ойлаймын. Қазақстандықтар өз қолдарымен елде жасалатын сауда мен келісімшарттарды теңгемен жүргізуі тиіс. Мысалы, баспана сатып алатын болсаң, доллармен санама, теңгемен есептес. Ал бізде керісінше, не сатып алатын болса, оның бағасын алдымен доллармен бекітіп, оны теңгеге аударып жатады. Мұны «психологиялық тәуелділік» деп атайды. Әрине, сыртқа шығаратын экспорты немесе жиі-жиі шетелге жұмыс бабымен сапарға шығатындар үшін долларлық қаражат қажет. Қаражаттың белгілі бір бөлігін олар онсыз да доллармен сақтайды. Ал енді еш экспорттық бизнеспен айналыспайтындар, бизнесін ел ішінде жүзеге асыратындар не үшін жерді, көлікті, пәтерді доллармен бағалауы керек?» дейді сарапшы Ілияс Исаев.

Долларға деген табынуды шынында да өзіміз қолдан тудырып отырғанымыз рас. Тіпті бастауыш сыныптың оқушыларының өзі «О-о, мынау қанша бакс тұрады?» деп, жаңа шыққан телефонды шыр айналдырып көріп жатады. Жастайынан доллармен ауызданып өскен ұрпақ ержеткенде ұлттық валютаның қадірін жете түсіне алар ма екен, әлде америкалық жасыл қағаздың құдіретіне бас иіп, ұлттық валютаға мұрнын шүйіре қарай ма? Бұл - ойланарлық мәселе.