«Домбыра, қобыз жасауға несие неге берілмейді?» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 25 ақпан, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» басылымында «Домбыра, қобыз жасауға несие неге берілмейді?» деген мақала берілген.
- Домбыра, қобыз жасаумен айналысып келе жатқаныма 14 жылдан асты, - дейді Балтабай Бекболұлы. - Жеке кәсіпкер ретінде тіркелгенмін. Домбыраның барлық түрін жасаймын. Әрине, бұл кәсіпті бірден меңгеріп кеткеніміз жоқ. Тәжірибе жоқтықтан опынған жағдайлар да болды. Әлі есімде... Музыкалық аспап жонуды жаңадан үйреніп жүрген кезімде бақандай елу домбыраны Алматыға апарып, үлкен бір концерттің кезінде сатпақшы болдым. Сонда тізіліп тұрған домбыраны көріп, бір кісі бұрылды. Әлгі кісі домбыраның бір-екеуін шертіп көріп: «Мұның не? Маңқа домбыраларыңды неменеге самсатып әкелгенсің?» деп, теріс бұрылып кетіп қалды. Кейін білдім, бұл - Нұрғиса Тілендиев екен. Сөйтсем домбыраның шанағынан пернелеріне қарай көз жібергенде, сызғышпен сызғандай түп-түзу болып тұруы тиіс екен. Сәл қисайса, үні бұзылатын көрінеді. Нұрғиса ағамның жасаған дүниемді жаратпай тастауы сабақ болды. Қазір тапсырыс көп. Тіпті, кейбір домбырамызды 1000 АҚШ долларына бағалап, сатып алып кетеді.
Жамбыл облысы, Сарысу ауданының төрінен орын тепкен Игілік ауылының шебері Балтабай Дәуірбековтің бұл кәсіптегі жетістіктері туралы білгіңіз келсе, осы мақаланы оқып шығыңыз.
Бас басылымда « Шағын шаруашылықтардың іріленгені дұрыс» деген мақала жарияланды. Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы АӨК комитеті хатшылығының хатшысы Мырзахмет Өксікбаев пен палатаның АӨК комитетінің төрағасы Иван Сауэр брифинг өткізді.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының ауылшаруашылық өнімдерін толық өңдеуге қатысты берген тапсырмалары жөнінде әңгімелеген спикерлер, кейбір бағдарламалардың орындалу барысы көңіл көншітпей тұрғанын да жасырмады. Әйткенмен, негізгі жұмыс атқарылып жатқан көрінеді. Мәселен, қазір Мәжіліс қарауында жатқан заң жетілдіріліп, әбден пысықталыпты. Нәтижесінде, 5 бірдей заң бір арнада түйістіріліп, шаруашылықтардың еркін жұмыс істеуіне қолайлы етіліпті.
Жеке шаруашылықтар кооперациясын жүргiзудi ең алдымен өңдеушi өнеркәсiп саласынан бастау қажет екен. «Мәжілiсте кооперациялар туралы заң жобасы қаралып жатыр. Бүгiнгi күнi кооперациялар жұмысын реттейтiн 5 заң бар. Сол заңдардың барлығы біріктіріліп 1 ғана заң болады. Оның үстiне қазiр жеке кәсiпкерлер салығы да өсу үстінде. Комитетке оған қатысты да сұрақтар көп келiп жатыр. Өзге де мәселелер бар. Хатшылық пен комитет бiрлесе отырып, салыққа қатысты өз ұсыныстарын жолдады. Ал, шағын жеке шаруашылықтар кооперациясын жүргiзудi ең алдымен өңдеушi өнеркәсiп саласында қолға алған дұрыс деп ойлаймын», деді М.Өксікбаев. Оның сөзіне сенсек, әлемде ауылшаруашылық өнімін өндіріп, оны нарыққа шығаруда басқа жол жоқ көрінеді.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, сарапшылардың жиі айта бастаған алғашқы қатері «АҚШ жаңа технология бойынша жанармай өндірісін субсидиялай отырып, әлемдік базардағы мұнай бағасын барреліне 10 долларға дейін түсіре отырып, Ресейді негізгі «күн көрісінен» мүлде айырмақ» деген пайым. Егер мұнай баррелі 10 долларға түсер болса, онда Ресей ғана емес, Сауд Арабиясы мен Катардың, Кувейттің өзіне қатер төнгені. Бұған арабтың үш мұнайлы мемлекеті жол бере қояр ма екен? ОПЕК картелінде негізінен араб әлемі басты ойыншылар. Ал бұлар әлемдік базарға сатылатын мұнайдың 40 пайызын өндіреді. Демек, негізгі «сөзді» айтатын ОПЕК картелі. Сондай-ақ Ресей Федерациясының әлемдік базардағы «қара алтын» үлесі 10 пайыздан асады. Олармен жақын «дос» Венесуэла соншама мұнайды өндіріп, экспорттайды. Қысқасы, осы 60 пайыз үлеске ие жақтардың ішінде әзірге Сауд Арабиясы ғана баррелдің 20 долларлық бағасына шыдас береміз деді. «Қалғандары өндірісті аздап қысқарта бастады. Ол - ол ма, тағы бір мықты ойыншы - Норвегия өндірісті қысқартуды жүзеге асыруда. АҚШ билігіне бағынбайтын Тотал, ВР секілді трансұлттық компаниялар ешқашан шығынға жұмыс істемейді. Тіпті алпауыт елдің Шеврон, Эксон Мобил секілді трансұлттық мұнай компаниялары да өндіріс пен штатта үлкен қысқартулар жасаған. Ендеше, жоғарыда айтылған пайым «долбар» ғана болуы әбден мүмкін. Ал егер шындап осындай болжамды жүзеге асырамын деп кіріссе, бұл АҚШ қолынан келе ме?», - деп жазады басылым «Доллар қатерлі ме?» атты мақаласында.
Осы басылымда «Судьялар да әдепке бағынады» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы палатаға Жоғарғы соттың екі судьясын орнынан түсіру туралы ұсыныс енгізді. Осыған орай, кеше кеңейтілген отырысқа жиналған Сенаттың конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті бұған не себеп болғандығын анықтады. Жиынға қызметтерінен кеткелі тұрған жоғарғы судьялар да шақырылған екен.
Жоғарғы сот судьясы Владимир Борисов «басқа қызметке ауысуына» байланысты босатылып отыр. Ал Елена Ақмолдаеваның отставкаға кетуі сенаторларды қайран қалдырды. Өйткені бұл биік лауазымда қызмет еткеніне бір жылдан сәл ғана астам уақыт өткен еді. Жоғарғы соттың Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы Елеусін Әбдіқадыровтың айтуынша, Е.Ақмолдаева әділет және сот органдарында ұзақ жыл жұмыс жасаған: «Ол аудандық соттан Жоғарғы сотқа дейінгі судья мансабының барлық сатысынан өтті. 2013 жылдың желтоқсанында Ақмолдаева Жоғарғы сот судьясы қызметіне сайланды. Судьялық жұмыс өтілі 28 жылдан астам. Сот корпус алдында өзін білікті судья, жоғарғы моральдық принциптің адамы ретінде көрсете алды. Өзін толығымен жұмысқа арнады» деді Е.Әбдіқадыров.
Сенат комитетінің төрағасы Серік Ақылбай істің байыбына баруды жөн көрді: «Ертең бәрібір сұрақ тууы мүмкін, сондықтан осы сұрақты қазір қояйын. Елена Ақмолдаева, Сенаттың сіздің кандидатураңызды Жоғарғы сот судьясы ретінде бекіткеніне көп уақыт өткен жоқ. Енді жедел отставкаға кетуіңіздің себебі не?
- Отставкаға кетуімнің себебі, ұлым қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Сондықтан өз еркіммен кету туралы өтініш жаздым, - деді Е.Ақмолдаева. Сенаторлар оның жасының қаншада екендігін сұрады. «Ол 34-те. Менімен бірге тұрмайды. Бұрыннан жеке тіршілік етуде» деді Е.Ақмолдаева.
***
«Экспресс-К» газетінің бүгінгі санында « Не гони « лошадей » деген материал берілген. Қазақстанда жаңа көліктерді саудалау нарығы үштен бір бөлікке отырып қалды. Автодилерлер түрлі маркетингтік әдістерді қолданып, сұранысты қыздыруға тырысқанымен, еліміздің азаматтары әзірге көлік сатып алуға асықпауда.
Қазақстан автодилерлер қауымдастығы сарапшыларының есептеулеріне қарағанда, қаңтарда адамдар 7 774 көлікті сатып алған екен, бұл көрсеткіш өткен желтоқсанымен салыстырғанда 40 пайызға төмен. Дилерлер бұндай төмен нәтижені рубль девальвациясынан кейін Ресейден арзан көліктердің Қазақстанға көптеп тасымалдануымен байланыстырып отыр.