«Домбыра-пати»: Тараз көшелерінде Тәттімбет пен Құрманғазы күйлері ойналды

Жалпы халықтық саз құралы ретінде домбыраны, ұмытыла бастаған игі дәстүрлерді қайтадан сәнге айналдыру және ұлттық өнерді насихаттау мақсатында өткізіліп отырған осы шара ұлт-аспаптық өнер ұжымдары мен домбырада ойнайтын барлық қала тұрғындары алдын ала берілген хабарламалар бойынша шақырылды. Саябақтың ту тұғыры орналасқан алаңқайының жан-жағына орындықтар қойылып, өнерпаздар орналасады. Импровизацияланған сахна Ата Заң ұлттық нақышпен ұштастырыла отырып безендіріледі. Шарада Тәттімбет, Құрманғазы, Дина, Сүгір, Түркеш, Қазанғап, Н.Тілендиев, Ә.Желдібаев, т.б. күйлері орындалады. Облыстық филармония жанынан құрылған ұлт-аспаптар оркестрі, «Шың», «Қарахан», «Өрлеу», т.б. ұлттық өнер ұжымдары да мерекелік іс-шараға атсалысады. Бағдарлама бойынша күй тартысты өнер ұжымдары бастап, әрі қарай жеке орындаушылар жалғастырады. Соңында барлығы бірігіп «Көңіл ашар» күйімен шараны аяқтайды.