Домбырашы Ермек Қазиевтің кешінде сирек орындалатын күйлер күмбірледі
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралдағы Жастар мәдениет үйінде белгілі домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Ермек Қазиевтің «Күмбірлеген күй ғұмыр» атты кеші өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Өзінің 70 жасқа толуына арналған шара барысында Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы Ермек Еселұлы әр күйдің тарихын тарқата отырып, орындап берді. Оның айтуынша, Құрманғазының өзімен күй тартысқан Орынша қыздың бір ғана шығармасы кейінге жеткен. Тарихта тоғыз «Байжұма» болса, Орыншаның «Байжұмасы» соның біріне де ұқсамайды. Сол секілді ерен күйшілігіне қоса күш-қайратының молдығымен, жүрек жұтқан батылдығымен аты шыққан Сейтектің «Орытпасы» жортуылды еске түсіреді. Ал Дәулеткерейдің түйесін баққан Мүсірәлінің күйші екендігін жұртшылық көпке дейін білмеген. Ол күйді мал бағып жүргенде ғана тартып, тоспалы домбырасын қайтарда далаға тығып кететін болған. Оның әйелі ерте қайтыс болып, төрт-бес жасар ұлы үйде жалғыз қалады екен. Бірде өрістен қайтып келе жатқанда, қарайғанды көріп, қасқыр екен деп, білтелі мылтығымен атып салады. Сөйтсе, ол өзін қарсы алғалы шығып кеткен ұлы екен. Үйіне ел жиналған кезде Дәулеткерейден домбыра сұрап алып тартып, «Қу жетім» деген күйін шығарады. Бұл күй кеңестік дәуірде аты өзгертіліп, Мүсірәлінің күйі «Мүсірәлі» деп тартылып жүрді. Мәмен күйшінің «Қайғылы қарасы» да осыған ұқсас. Оның келін алып келемін деп кеткен ұлы аты үркіп, содан жығылып, қаза табады. Міне, Ермек Қазиев «Қу жетім» мен «Қайғылы қара» күйлерінің нотаға түскендегіден өзге нұсқасын көпшілікке ұсынды.
Құймақұлақ домбырашы осы күйлердің барлығын өз әкесі Есел Қазиевтен алып қалған. Жүзден астам күй білетін дәулескер домбырашы соның ішінде сирек орындалатындарының да тарихын айтып, тартып отырған. Қазақ радиосының алтын қорына 28 күй жаздырған Есел Қазиевтің жолын ұлы Ермек, кейін немересі Асылхан жалғастырды. Бұл жолы ҚР мәдениет саласының үздігі, республикалық домбырашылар байқауларының жеңімпазы Асылхан Қазиев өз алдына, сахнаға алғаш рет Ермек Еселұлының жиен немересі Мирас Қами да шықты.
Ермек Қазиевтің орындаушылық қолтаңбасы бөлек екендігін кезінде Алматы сахнасында домбыра тартқанда, білгір мамандар атап көрсеткен болатын. Одан күй үйренушілер әлі де аз емес.
«Біз Ермек Қазиевті талай жылдан бері білсек те, осы жолы жаңа қырынан танып отырмыз. Арнайы музыкалық білім алмаса да, консерваторияда оқымағанмен, оның нотаға түсе қоймаған, сирек орындалатын күйлерді тартуы Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Сейтек сынды бабаларымыздан қалған мұраның молдығын көрсетеді. Бұл арнайы зерттеуді қажет етеді. Қазақ ұлттық өнер университеті бар, басқа оқу орындары бар, бұл іске музыка мамандары кешікпей кірісуі керек. Ең бастысы, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан күй өнері өлмеуі тиіс», деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор, Астана қаласы мемлекеттік филармониясы қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Айтқали Жайымов.
А.Жайымов батысқазақстандық дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қырымгерей Қажымовпен кезектесіп, Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясы Дәулеткерей атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестріне дирижерлік етсе, Астанадан келген тағы бір құрметті мейман-күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор, Қазақ ұлттық өнер университетінің проректоры Тұрар Әліпбаев күй тартып берді.
Ермек Қазиев өзінің жетпіс жасқа толуына орай облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қабылдап, құрмет көрсеткенін, онда өзінің бір ғана бұйымтай айтқанын жеткізді. Ол - Дәулеткерей атындағы оркестрдің академиялық атақ алуы үшін басқа шарттармен қатар бірнеше шет елге шығып, өнер көрсетуі қажет. Бұл ұсыныс облыс басшылығы тарапынан қолдау тауып, алдағы жылдан бастап мұндай сапарлар ұйымдастырылатын болады. Демек, ұлы өнер көші тоқтамақ емес.