Доминикандағы оқиға: көз жұмғандар саны 100-ге жуықтады
АСТАНА. KAZINFORM – Доминикан Республикасында түнгі клубтың шатыры құлап, 98 адам қаза тапты. Бұл туралы «Listin Diario» газеті хабарлады.

Елдегі жедел жәрдем орталығының директоры Хуан Мануэль Мендестің айтуынша, оқиға салдарынан тағы 146 адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Құтқару жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Оқиға 8 сәуір күні таңертең ел астанасы Санто-Домингодағы Jet Set түнгі клубында әнші Руби Перес өнер көрсетіп жатқан кезде болған. Әнші көрермендермен бірге құлаған шатырдың астында қалды. Әнші құтқарылған. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты.
Анадолы агенттігінің хабарлауынша, Қайтыс болғандардың арасында Бейсбол лигасының (MLB) бұрынғы ойыншысы Октавио Дотель де бар.
Елде үш күн қаралы деп жарияланды
Доминикан Республикасының президенті Луис Абинадер қайғылы оқиғаға байланысты үш күндік ұлттық аза тұту жариялады.
Жағдайды өз көзімен бақылап, тексеру жүргізгеннен кейін Абинадер болған қайғылы оқиғаға қатты өкініш білдірді.
– Барлық құтқару қызметі қажетті көмек көрсетті және құтқару жұмыстарын жүргізу үшін аянбай еңбек етіп жатыр, – деді президент.
«Jet Set» Доминикан Республикасындағы ең танымал ойын-сауық орындарының бірі болып саналады.
Айта кетейік, бұған дейін Доминиканада концерт кезінде шатыр опырылып, 80-ге жуық адам қаза тапқанын жазған едік.