Дональд Трамп АҚШ-та алғашқы Ұлттық ғарыш академиясын құру туралы жарлыққа қол қойды
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп елдегі алғашқы АҚШ ғарыш академиясын (U.S. Space Academy) құру туралы жарлыққа қол қойды. Жаңа оқу орталығы NASA, АҚШ ғарыш күштері және қарқынды дамып келе жатқан коммерциялық ғарыш саласына мамандар даярлауы тиіс, деп хабарлайды Reuters.
Академия инженерлерді, ғалымдарды, операторларды және АҚШ-тың ғарыш бағдарламаларын жүзеге асыруға қажетті басқа да мамандарды даярлайтын техникалық білім беру жүйесін біріктіреді.
Оқу орнының түлектері Айды зерттеу, ғарыш инфрақұрылымын дамыту және коммерциялық ғарыш саласына қатысты жобаларға тартылмақ.
Жарлыққа сәйкес, академияны құру жұмысымен президенттік комиссия айналысады. Комиссия 120 күн ішінде оқу орнының басқару құрылымы, орналасатын жері, түлектердің қызмет ету шарттары және заңнамаға енгізілуі мүмкін өзгерістер жөнінде ұсыныстар әзірлеуі керек.
Ғарыш академиясының нақты қай жерде орналасатыны әзірге белгісіз.
Жаңа оқу орталығын құру АҚШ әкімшілігінің ғарыш бағдарламасын кеңейту және қарқынды дамып келе жатқан салаға қажетті кадрларды даярлау саясатының бір бөлігі болып отыр.
Бұған дейін Қазақстан мен АҚШ су тазарту және оны қайта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты дамытып жатқаны туралы жаздық.