Дональд Трамп тағы да бірнеше БАҚ-ты лицензиясынан айыруға шақырды
АСТАНА. KAZINFORM — Дональд Трамп АҚШ президенті мен республикашылдарға теріс көзқарастағы ақпарат агенттіктерін сынға алып, лицензияларын қайтарып аламыз деп қорқытты, деп хабарлайды агенттіктің меншікті тілшісі.
— Егер телеарналары мен олардың түнгі шоулары президент Дональд Трампқа, MAGA («Американы қайтадан ұлы ет» қозғалысы) және Республикалық партияға көзқарасы 100% дерлік теріс болса, олардың бағалы хабар тарату лицензияларынан айыру керек емес пе? Мен келісемін, — деп жазды Дональд Трамп Truth Social сайтында.
Трамп АҚШ президенті мен республикашылдарға бейтарап көзқарас танытатын үш ақпарат агенттігін сынға алды.
— Ең нашар түнгі эфир жүргізушілері CBS, ABC немесе NBC-де ме? Олардың барлығына ортақ үш нәрсе бар: жоғары жалақы, таланттың жоқтығы және өте төмен рейтинг, — деп қосты Трамп.
Ол сонымен қатар CBS News арнасында «Late Show with Stephen Colbert» шоуын жүргізген бұрынғы жүргізуші Стивен Колбертті ерекше атап өтті.
— Стивен Колберт - шоу-бизнесте табысқа жету үшін таланты да, басқасы да жоқ өте аянышты адам. CBS оны жұмыстан шығарғанда ол өзінің төмен рейтингінен де нашар күйге түсті. Стивен өшпенділікпен, ашумен өмір сүреді — жүріп жүрген «мәйіт», — деді Трамп.
АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін британдық хабар тарату корпорациясын (BBC) жала жапты деп айыптап, 5 миллиард доллар көлемінде өтемақы өндіруді талап етіп, сотқа талап-арыз түсірді.