Түркияда дөнер мен шұжық өнімдеріне жаңа талап енгізілді
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияда ет, шұжық өнімдері мен дөнер дайындауға және қаптамада көрсетуге тиіс талаптар жаңартылды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі хабарлайды.
Түркияның Ауыл және орман шаруашылығы министрлігі ет өнімдеріне қатысты жаңа стандарттарды бекітті. Тиісті ереже ресми басылымда жарияланып, күшіне енді.
Жаңа ережеге сәйкес, ет өнімдерінің құрамын байыту үшін ет, сүт, жұмыртқа және йогурттан өзге ақуыз бен азот көздерін пайдалануға тыйым салынады. Бұл талап суджук, пастырма және кавурма сияқты дәстүрлі ет өнімдеріне де қатысты.
Жаңа талаптар дөнерге де енгізілді. Енді өндірушілер қаптамада өнімнің дайындалу тәсілін нақты көрсетуге міндетті. Дөнердің тұтас еттен, ет пен тартылған ет қоспасынан немесе тек тартылған еттен жасалғаны жазылуы керек. Бұл өзгеріс тұтынушыға сатып алатын өнімінің құрамы мен дайындалу ерекшелігі туралы нақты ақпарат алуға мүмкіндік береді.
Ет өнімдеріне қосылатын қоспаларға да жаңа талап қойылды. Өндірушілер өнімнің салмағын арттыру үшін соя, крахмал және осыған ұқсас компоненттерді шамадан тыс пайдалана алмайды. Сонымен қатар құс етінен жасалған дайын қоспалар мен дөнердегі май мөлшері 20 пайыздан 15 пайызға дейін қысқартылды.
Түркияның Ауыл және орман шаруашылығы министрі Ибрахим Юмаклы жаңа талаптар ет өнімдерінің құрамын тұрақты бақылауда ұстап, дәстүрлі өнімдердің ерекшелігін сақтауға мүмкіндік беретінін айтты. Оның сөзінше, өндірушілердің өнім көлемін көбейту үшін соя мен крахмал қосуына жол берілмейді. Осы талаптардың орындалуын қамтамасыз ету үшін кәсіпорындарда тексеру жалғаса береді.
Жаңа талаптар күшіне енгенге дейін жұмыс істеп келген кәсіпорындарға өндірісін жаңа ережелерге бейімдеу үшін өтпелі кезең берілді. Осы уақыт ішінде өндірушілер өндіріс процесін жаңартып, өнім құрамын белгіленген талаптарға сәйкестендіруі қажет. Кәсіпорындар бұл жұмысты 2027 жылдың 31 наурызына дейін аяқтауға тиіс.
Бұған дейін Еуроодақ Түркияға дәстүрлі дөнерге эксклюзивті құқық беруден бас тартқанын хабарлаған едік.