Дөңгелек үстелде республиканың 4 өңіріндегі психиатриялық мекемелерде жүргізілген мониторингтің нәтижелері ұсынылды

АСТАНА. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанада өткен дөңгелек үстелде Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы, Қазақстанның 4 өңірінде - Астана, Өскемен, Қостанай және Павлодардағы психиатриялық мекемелерде жүргізілген мониторингтің нәтижелерін ұсынды,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы» қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалының директоры Анар Ыбраеваның айтуынша, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы әр адамның құқықтары мен бостандықтарының қамтамасыз етілуін қарастыратынына қарамастан, көптеген себептерге байланысты қазіргі уақытта жүйке жүйесі ауруларына шалдыққан адамдардың бұл құқықтары аяқ асты етіліп отыр.

А.Ыбраеваның сөзіне қарағанда, өзі басқарып отырған мекемеде қоғамдық мониторинг жүргізуге бас дәрігерлердің барлығы бірден келісім бермеген. Мысалға, павлодарлық психо-неврологиялық диспансердің бас дәрігері мұндай зерттеулерді жүргізуге үзілді-кесілді қарсы болған.

«Тексеріс барысында 227 науқас, олардың 39 туысы, 3 бас дәрігер, 24 бөлім меңгерушісі, 422 медициналық қызметкер мен 36 қорғаушы сауалнамалық сұрақтарға жауап берді. Бұзушылықтардың негізгі себептерінің арасында - ҚР Конституциясының жекелеген нормативтік құқықтық актілерінің Қазақстанмен ратификацияланған халықаралық келісімдерге сәйкес келмеуі, қолданыстағы заңнамалардың сақталмауы, жүйеке жүйесі ауыратын науқастарды кемсіту, психиатриялық мекемелердің «қалдық қағидаттары» бойынша қаржыландырылуы, кадрлық және тағы басқа мәселелер бар», - дейді ол.

Сондай-ақ оның айтуынша, барлық аймақтардағы психиатриялық мекемедегі тәртіптер тым қатаң, мәселен, терезелер темір торлармен жабылып, науқастардың туысқандарымен көрісуіне жағдай жасалмаған. Сонымен бірге, білікті кадрлар, әсіресе дәрігерлер жетіспейді, Қазақстанның нормативтік-құқықтық актілері туралы медициналық қызметкерлердің білім деңгейлері өте төмен болған. Ал кейбір мекемелер күрделі жөндеуді қажет етеді.

А.Ыбраева атап көрсеткендей, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ұлттық Кодексте кейбір баптар аяғына дейін жеткізілмеген. Мәселен, Кодексте науқастарды күштеп емдеу мерзімінің аяқталу уақыты жазылмаған, сондай-ақ филиал директорының пікірінше, науқасты өз еркінсіз ауруханаға жатқызу туралы шешім 1 ғана дәрігермен қабылданбауы тиіс.

Соңғы жаңалықтар