Доннан Берлинге дейін - Алексей Ткачевтің майдандағы жолы
Осы кездері, Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында, жеңімпаз аталардың жауқазын ұрпақтары оларға мың тағзым айтып, ардақты қарттарға құрмет көрсетуде. Соғыстан аман-есен оралған және осы күнге дейін жеткен ардагерлер санаулы-ақ. Ал олардың басы, міне, сексеннің сеңгірінен асып барады. «ҚазАқпарат ҰК» агенттігі Ұлы Отан соғысы ардагерлері өмірінің 65 тарихи сәті атты бірегей жобасында Ұлы Отан соғысының елеулі сәттерін, ардагерлер естеліктерін жиып бастыруда. Қарағандылық Алексей Ткачев өзінің жүріп өткен әскери оқиғаларын бізбен бөлісті.
Жаңа ғана мектеп бітірген қарағандылық А. Ткачев соғыс басталған уақытта Ақмола облысынан аттанады. «Ақмоладан бірінші Донға жіберіліп, 27-ші атқыштар дивизиясына түстім. Бұл жерде мен оқ тиіп, жарақаттандым. Госпитальде емделіп шыққан соң, 3-ші гвардиялық атқыштар полкіне жіберді. Арада бір жарым айдан кейін тағы госпитальден табылдым. Аяқ-қолым сау болған соң қайта майданға аттандым», деп еске алады майдангер.
Қазақстандық жауынгер А. Ткачев ол кезде Белоруссия жеріндегі шайқасқа 5-ші атқыштар дивизиясынан түседі. Кейін артиллериялық полкке ауыстырылады. Осы полкпен бірге Белорусияны азат еткеннен соң, ары қарай Еуропаға бет алады. Шығыс Пруссия майданында көрсеткен ерліктері үшін екі мәрте «Қызыл жұлдыз» ордендерімен марапатталады.
А. Ткачев соғыста екі мәрте жарақат алса да, майдан оның сағын сындырмады. Соғыс біткенше шайқас алаңында болып, 1946 жылға дейін әскер қатарында жүреді.
«Пруссиядағы қанды шайқастардан соң бізді Берлин түбіне жіберді. Қаланың сыртындағы жау топтарын жоюға жұмылдырылдық. Мамырдың 2-сінде Берлинге біздің туымыз тігілер шақ жақындағанын сездік. Немістер беріле бастады. Содан көп ұзамай Жеңіс те жарияланды. Бір аптадан кейін, мені Брест қаласына жіберді. Ол жерден елге тек 1946 жылы ғана оралдым», деп жалғастырды сөзін қарт жауынгер.
«Жолдастарыңның, қарулас достарыңның өмірін қиған сұм соғыста от кешіп, өліммен арпалысқан тұста өмірдің, бейбітшіліктің қадірін басқалардан ерек түсінеді екенсің. Осы бір «Жеңіс» атты сөзді естігенде басымыз аспанға бір-ақ елі тимей қалған еді», дейді ардагер.
1945 жылы радиодан Левитанның дауысы Кеңес әскерінің жеңгенін жариялады. Жер-жерде жеңіс тойы тойлана бастады. Майдан аяқталмаса да, жауынгерлер фашистік Германияны тізе бүктірген сәтті ешқашан ұмытпас. Бұл сәт ардагер А. Ткачевтің есінде де мықтап бекіген.
«Жеңіс күні біздің дивизияның командирі бар, бәріміз сиғанымызша көлікке отырып, Рейхстагқа жол тарттық. Қызыл Ту тігілген Рейхстагқа жеткен жауынгерлер шат-шадыман күйде болдық. Тірі қалып, елімізді қорғап қалғанымызға қатты қуандық. Әсіресе, жаяу әскерде болған кезде бір рет немесе екі мәрте соғыс алаңында шығады жауынгерлер. Одан кейін не о дүниеге, не басқасы күтіп тұрады. Солай болған...»
Қан мен тер арқылы, ерліктері үшін келген медальдардың барлығы өз иесіне аса құнды екені белгі. Дегенмен А. Ткачевтің жүрегінен ерекше орын алатын төсбелгісі - «Ерлігі үшін» медалі. Ол оған үлкен қиындықпен берілген еді және оны қатты мақтан тұтады. «Ерлігі үшін» медалі оған Украинаны азат ету кезінде жаудың үш жауынгерін тұтқынға алғаны үшін тағайындалыпты.
1946 жылы А. Ткачев елге оралып Қарағанды облысында теміржол саласында, орман қорғау бекетінде қызмет атқарды. Кейін Ақмола облысында орман қорғау бекеті құрылып, А. Ткачев Ақкөл жеріне көшіп келеді. Содан зейнет жасына келгенше жұмыс істейді. Бүгінгі күніне де дән риза. 3 бала тәрбиелеп өсірген қарт мына бейбіт заманға шүкіршілік етеді.